«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына 9 айдың ішінде 131 миллиард 700 миллион теңге көлемінде қаражат құйылды. Оның 20 миллиард теңгеден астам сомасы осы уақытқа дейін қордың 20 әлеуметтік бағдарламасы аясында жұмсалды. Басым көпшілігі денсаулық сақтау және білім беру саласына бағытталған. Азаматтардан 40 мыңға жуық өтініш түсіп, қамқоршылық кеңестің мақұлдауын алған 4 балаға экзоскелет, 47 балаға протез берілді. Сондай-ақ, ауыр дертке душар болған 51 науқасқа шетелден қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынды. Қордың көмегіне жүгінген жандар қатарында сирек кездесетін орфандық ауруға шалдыққан қостанайлық жеткіншек те бар.
Айгүл Нұрмақова, Қостанай қаласының тұрғыны:
Біз қор қаражатына алғашқылардың бірі болып жұлын бұлшық ет атрофиясы бойынша ең қымбат дәріні алдық. Біздің бала үнемі гормоналды емді қабылдайтындықтан, тез салмақ қосады. Ал мына екпені алып бастағаннан кейін денесінің ісінуі қайтты, демікпесі кетті, қолының сүйектері да қатая бастады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін өмір сүруіне жағдай жасау үшін қоғамдық қор олардың емінен бөлек, білім алуына да көңіл бөлуде. Бүгінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 2 мыңға жуық білім алушыға жоғары оқу орны гранттары берілген.
Мәрия Кеңесова, 4-курс студенті:
Мен 1-топтағы мүгедекпін. Осы жылы 4-курсты оқып жатырмын. Соған грантқа өтініш тастадым. «Менің өтінішімді олар құптады.
Қор көмегіне жүгіну үшін өтінішті қалай жіберген дұрыс және олар қалай іріктеледі? Қоғамдық қор жұмысының артық және кемшін тұстары қандай? Бұл туралы толығырақ ертең сағат 15:45-те Ұлттық арна эфирінен шығатын «Үміт оты» арнайы жобасынан тамашалай аласыз.