Роналдудың соңғы мүмкіндігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Роналдудың соңғы мүмкіндігі

24.11.2022

Бұл дүбірлі доп додасы атақты Криштиану Роналду үшін әлем кубогын жеңіп алатын соңғы мүмкіндік болмақ. Қатардағы біріншілік - 38 жастағы футболшы қатысып жатқан бесінші мундиаль. Осыған дейін ол әрбір чемпионатта гол салып, нағыз сұрмергенге тән сиқырлы ойын көрсетіп келген. Криштианудың биылғы жорығы жемісті бола ма? Оны алдағы чемпионат көрсетеді.

Мадейрадан шыққан марғасқа қазір әлемдегі ең танымал тұлғалардың бірі. Дүбірлі дода басталған тұста оның әлеуметтік желідегі оқырмандарының саны 500 миллионға жетіп, рекорд орнатты. Екі күнде тағы 2 миллион адам жазылған. Осылайша ол тек жасыл алаңда ғана емес, ғаламтор беттерінде де үздік атанып отыр.

Криштиану - биылғы Әлем чемпионатына қатысып жатқан футбол клубы жоқ жалғыз спортшы. Бірер күн бұрын ғана ол «Манчестер Юнайтед» командасымен қош айтысты. Оған, әрине, оның британдық журналист Пирс Морганға берген сұхбаты себеп болды. Сондай-ақ ол Португалия құрамасы әлем кубогын жеңсе, мансабын аяқтайтынын айтты. Ал спорттағы басты бәсекелесі Лионель Месси туралы былай деген еді.

Криштиану Роналду, Португалия ұлттық құрамасының капитаны:
Ол керемет ойыншы, нағыз шебер. Екеуіміз 16 жыл бойы футбол сахнасын бөлістік. Сондықтан мен онымен жақсы қарым-қатынастамын. Біз жақын дос емеспіз. Бірақ мен оны құрметтеймін.

Португалия мақтанышы футбол тарихындағы ең үздіктердің бірі. 5 дүркін «Алтын доптың» иегері. 117 доппен Ұлттық құрамалар матчтарында ең көп гол соққан ойыншы. Чемпиондар лигасының кубогын 5 мәрте иеленген. 2016 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы.

Осыған дейінгі 4 мундиальда Роналду 7 гол соққан. Ал биылғы чемпионатқа қатысты ол саяхатымыз ұзақ әрі табысты боларына сенемін деп жазды.

Шерхан Жамбылұлы

Криштиану Роналду футбол Әлем чемпионаты

Хабарламаларға жазылу