Саяси науқан барысын Ұлттық арна әр сағаттың басында тікелей эфирде көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси науқан барысын Ұлттық арна әр сағаттың басында тікелей эфирде көрсетеді

20.11.2022

Бүгінгі саяси науқан барысын Ұлттық арна әр сағаттың басында тікелей эфирде көрсетеді. Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс. Біздің тілшілеріміз қазір жер-жерде сақадай сай, дайын тұр. Тек Қазақстан аумағында ғана емес, шет мемлекеттердегі сайлау учаскелерінен де тікелей эфирде хабар таратуға әзір.

Жазира Оразқызы, тілші:

Алматы еліміздегі дауыс берушілері ең көп қала екені белгілі. Бүгін 600 сайлау учаскесі есігін айқара ашты. 1 млн 170 мың тұрғын дауыс беріп, өз таңдауын жасай алады. Алматыдағы Тілшілер қосыны күні бойы соңғы ақпараттармен бөліседі.

Нұрдос Болатұлы, тілші:

Жалпы бүгін Қазақстан бойынша 10 мыңнан аса участке жұмыс істеп тұр. 11 миллион 600 мың отандасымыз дауыс бере алады. Ал Әулиеата өңірінде бүгін 493 учаске ашылды. Әулиеаталықтар әдетте мұндай маңызды шараларда белсенді. Бұл жолы да солай болады деген сенім бар.

Индира Бегайдар, тілші:

Ресейде барлығы 5 сайлау учаскесі бар. Мәскеудегі нөмірі 263 сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша 7:00 де ашылады. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Осында уақытша тұрып жатқан азаматтар алдын ала тіркеуден өткен. Сонымен қатар Санкт-Петербург, Қазан, Омбы және Астраханьда дауыс беру орындары ашылады.

Айдос Әшім, тілші:

Бізде де таң енді ғана атып келеді. Әлі сайлау учаскелерінің ашылуына 3 сағаттай бар. Жалпы Түркияда Анкара, Стамбұл және Анталия қалаларында 3 учаске бар. Түркияда шамамен үш мыңнан аса қазақстандық дауыс бере алады. Ал Қазақстаннан тыс әлем бойынша бүгін 65 сайлау учаскесі ашылады. Ұлттық арна тілшілері әлемнің әр түкпірінде жұмыс істеп жатыр. Брюссельде Нұрсұлу Қасым, Мәскеуде Индира Бегайдар, Америкада Жалғас Сәдібек, Варшавада Аида Әбіл, Лондонда Марина Бекенова сіздерге ақпарат ұсынады. Сондықтан Ұлттық арнаны көріңіздер!


Хабарламаларға жазылу