Кәсіпкерлер экспортқа өнім шығара алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер экспортқа өнім шығара алмай отыр

17.11.2022

Теріскей диқандары жинаған өнімдерін экспортқа шығара алмай отыр. Оған теміржол вагондарының жетіспеушілігі себеп. Қызылжарға жұмыс сапары басырында Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев кәсіпкерлермен кездесіп, түйіткілді мәселелерді талқылады.

Биыл Солтүстік Қазақстандағы егіс алқаптары кеңейген. Диқандар қамбаға 4,6 млн тонна астық құйды. Алайда логистикалық кедергілердің кесірінен өнімді шет елдерге шығара алмай отыр.

Қанат Баймұханбетов, кәсіпкер:

Қаңтар айында баж салығы енгізіледі. Өнімді сыртқа тиімді шартпен шығаруға 2 ай уақыт берілді. Бірақ теміржолдағы қиындықтар оған мүмкіндік бермей отыр.

Биыл Қазақстанда жүк вагондарының саны артты. Дегенмен теміржол әлі де маусымдық сұранысты қамтамасыз ете алмай отыр. Жиында отандық вагондарды ресейлік компаниялар да жалға алып отырғаны айтылды.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Елімізде жүк тасымалдайтын арнайы вагондардың жетіспейтіндігі рас. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені шешеміз. Бірақ өнімді экспортқа шығармас бұрын ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету жағын қарастырамыз.

Эльмира Каленова

Хабарламаларға жазылу