Алматы бетоннан салынған орманға айналмауы тиіс - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы бетоннан салынған орманға айналмауы тиіс - Президент

16.11.2022

Жолдағы кептеліс, қара түтін, тозған коммуналдық жүйе. Бүгін Алматы жұртшылығымен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардың негізі проблемаларын атап, оның шешу жолдарын айтты. Ол ғимараттардың тығыз орналасуы, кептеліс, экология, және тұрғын үйге қатысты түйткілдер. Президенттің айтуынша, Алматы жастары үшін баспана ең өзекті мәселе. Бағасы қымбат, жалдау ақысы да тым жоғары. Оның үстіне пәтер тапшы. Сондықтан әкімдік тұрғын үй құрылысын арттыруы қажет. Бірақ құмырсқаның илеуіндей үй салғысы келетін компаниялардың емес, азаматтардың мүддесі ескерілуі керек. «Алматы бетоннан салынған орманға айналмауы тиіс»,- деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұрт серуенге баратын саябақтар тапшы. Негізінен жер үйлер көп салынған. Тіпті, қыс айларында қара түтін қаптайды. Азаматтардың демалысын пайдалы өткізетін қоғамдық орындар аз. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз. Әкімдіктің басты міндетінің бірі – орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою.

Тұмса табиғатымен ерекше Алматы қара түтінге тұншығып тұр. Экология мәселесін шешу үшін Тоқаев қоғамдық көліктерді 2025 жылға дейін жаппай газ бен тоққа көшіруді тапсырды. Оның үстіне қалаға күн сайын 700 мың автомобиль кіреді. Саны жылдан жылға ұлғайып жатыр. Мәселені шешіп, кептелісті азайту үшін жол көлік жүйесін жетілдіріп, метро желісін ұзарту тапсырылды.

Ал қаңтар қасіретінен кейін Алматы толық қалпына келтірілді. Әрі осы қаралы қаңтардағы қарақшылардың әрекетін кейбіреулер халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүргенін айтты. Айтуынша, халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білуіміз керек. Азаматтардың бейбіт шеруін пайдаланғандар ел ішінде қырғын салып, билікті басып алмақ болғанын еске салды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу