G20 саммитінде Зеленский «Бейбітшілік формуласын» ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

G20 саммитінде Зеленский «Бейбітшілік формуласын» ұсынды

15.11.2022

Индонезияның Бали аралында өтіп жатқан «Үлкен жиырмалық» саммитінде Украина президенті видеобайланыс арқылы сөз сөйледі. Владимир Зеленский қарулы қақтығысты тоқтатуға үндеп, 10 пункттен тұратын «бейбітшілік формуласын» ұсынды. Бұл тізімге ядролық, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, Ресей аумағына әкетілген барлық украиналық тұтқындар мен тұрғындарды босату, елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтіру тәрізді бірнеше талап бар. Зеленский «Үлкен жиырмалық» құрамына Ресейді қоспай, «19 тобы» деп атады.

Осы саммитте ФИФА президенті ДжАнни Инфантино «Джи 20» лидерлерін Чемпионат кезінде Украинадағы қарулы қақтығысты бір айға тоқтатуға қол жеткізуге шақырды. Саммиттің алғашқы жиынынан кейінгі сөзінде ол бейбітшілікке алғашқы қадам ретінде атысты тоқтатуға, гуманитарлық дәліздерді ашуға үндеді. Саммиттен тағы бір мәлімет. «Үлкен жиырмалық» лидерлері Ресейдің Украинаға басып кіруін қатаң сынға алатын резолюция жобасын қарастырып жатыр. 16 беттік декларацияда «Украинадағы соғыс адамзатқа үлкен қасірет әкеліп, жаһандық экономикадағы мәселелерді ушықтырып жіберді» деп жазылған. Шетел басылымдарының мәліметінше, саммиттің қорытынды құжатын Ресей мен кейбір елдер қабылдамауы мүмкін.    

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу