Қазақстан жеңіл өнеркәсіпті неге дамыта алмай отыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан жеңіл өнеркәсіпті неге дамыта алмай отыр?

13.11.2022

Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде жеңіл өнеркәсіп үлесі 0,1% ғана. Ал сексенінші жылдардың соңында бұл көрсеткіш 15%-ды құраған екен. Ол кезде Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқ киім комбинаты, Қостанай мәуіті-шұға комбинаты, Семей тері-былғары комбинаты жұмыс істеген. Барлық кәсіпорын отандық шикізатты қолданып, жүздеген тауар түрін шығарған. Кеңестік кезеңді аңсап отырған жоқпыз. Тек тәуелсіздік алғалы 30 жылда жеңіл өнеркәсіптің құлдырап кеткені қынжылтады.

Салыстырып көрелік. Кеңес Одағы тұсында ел бюджетінің 25%-дан астамын жеңіл өнеркәсіп құраған екен. 1985 жылы осы салада 200 мыңнан астам адам еңбек еткен. Ал қазір жеңіл өнеркәсіпте 27 мың адам ғана қалыпты. Сәйкесінше, жеңіл өнеркәсіптің экономикадағы үлесі де төмен. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 1%-дан, ішкі сұраныс – 10%-дан аспайды. Ал әлемдегі экономикалық қауіпсіздік шегі – 30%.

Бір қызығы, Қазақстанның тұтыну нарығында азық-түліктен кейін екінші орында киім-кешек тұр. Демек, сұраныс жоқ емес, бар. Бірақ жеңіл өнеркәсіп тауарларының 90 пайызы импорттық екен. Қазір қазақстандықтарды Қытай мен Түркиядан бөлек Қырғызстан мен Өзбекстан киіндіріп отыр. Түркия әу бастан бұл салаға басымдық беріп, әлемдік нарықты да жаулап алды. Қытай арзан жұмыс күшімен-ақ жеңіп тұр, - деп, өзімізді жұбата аламыз.

Ал Қырғызстан мен Өзбекстан ше? Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Қазақстан мен осы екі мемлекеттің жағдайы тең болды. Яғни, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде зауыт-фабрикалардың жабылып қалғанын сылтауратайық десек, кешегі одақтас Қырғызстан мен Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп едәуір дамып кеткен. Неліктен? Қазақстан жеңіл өнеркәсіпті неге дамыта алмай отыр? Данияр Қайыртай жауап іздеп көрді.

12 жылдан бері балаларға арналған киім-кешек шығаратын кәсіпкер Бейбіт Күлшікбаева елде сапалы мата өндірісі кейін қалып жатқанын айтады. Өзге ұсақ-түйек фурнитураларды айтпағанда. Сондықтан ол шикізатты түгелдей Түркиядан таситын көрінеді.

Бейбіт Күлшікбаева, Тігін фабрикасының директоры:
Өте керемет болар еді, егер де біз шикізатты осы жерден алсақ. Бірақ ондай мүмкіндік толық жоқ. Үлкен компания бар Шымкентте орналасқан, бірақ бізге қажетті материалды ол жерден ала алмаймыз. Өйткені сұраныс басқаша. Ол көбіне спецформаға арналған материалдар.
Кәсіпкер айтқан Шымкенттегі мата өндіруші зауытта түсірілім жасауға рұқсат ала алмадық. Орнына жіп иіретін еншілес фабриканы түсіруді ұсынды, басшысы. Ал оның өнімі, керісінше, негізінен шетке экспортталады екен. Солардың жібінен жасалған мата өзімізге айналып келуі де мүмкін...

Мұрат Жайлауов, «Azala cotton» фабрикасы директорының орынбасары:
Өзіміздің Жетісай қаласынан мақтаны әкелеміз. Біз пряжа шығарып береміз. Пряжаны Түркия, Ресей, Қытай алып кетеді. Ар жақта өздері футболка, рубашка, мата шығарады.
Бізде мақтадан жасалатын мата өндірісі жарты жылда 139 есе төмендеген екен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, елімізде наурызда 2,8 млн шаршы метр мақта-мата шығарылса, қыркүйекте 20,3 мың шаршы метр ғана өндіріліпті. Бұл киім-кешек өндірісіне де әсер еткен. Қыркүйекте ересектерге арналған трикотаж киім тамыздағыға қарағанда 15 пайыз, ал шұлық 9 пайыз азырақ тігіліпті.

Ал мына кілем тоқитын фабрика мақтадан жасалатын жіпке де, матаға да тәуелді емес. Өйткені кілем полипропилен жіптен жасалады. Оны да өздері иіреді. Олар өндірістен емес, дайын өнімді өткізуден машақат көріп отыр.

Дәулет Қанашаев, «Бал текстиль» ЖШС директорының орынбасары:
Отандық нарығымызды мемлекет қорғаса екен деген ішкі жанайқайымыз. Кәсіпорынға бастапқы этапта керегі – өзінің ішкі нарығы. Ішкі нарықты қорғаса, кәсіпорындар аяққа тұрса экспорттың әлеуеті өседі.
Оның үстіне отандық өнімнің сапасына халық та күмәнмен қарайды дейді. Сондықтан олар өз тауарын шетелдік бренд атымен сатуға мәжбүр екен.

Дәулет Қанашаев, «Бал текстиль» ЖШС директорының орынбасары:
Тұран, Алатау, Барыс деп этикеткалармен кілемдер шығарып бастадық. Бірақ бұл тұтынушылар тарапынан қолдау таппады. Себебі олар «бұл қазақстандық өнім екен, сапасы онша емес шығар» деген ой болды. Одан кейін біз кілемдеріміздің аттарын шетелдің аттарынан алып сатудамыз. Сол арқылы біздің сатылым түзелді.
Тұтынушылардың импорттық тауарға әуес екенін өнеркәсіпті дамыту бойынша сараптамалық орталықтың мамандары да айтты. Отандық өндірістің қауқары да соған саяды. Мысалы, былтыр жеңіл өнеркәсіп нарығында Қазақстанда жасалған өнімнің үлесі 11 пайыз ғана болған.

Әлия Сисенова, «Qazindustry» АҚ дирекциясының бас сарапшысы:
Бүкіл әлем сияқты Қазақстанның халқы да импортқа келетін заттарды сатып алуда. Тауарлар негізінен Қытай, Түркия, Ресей, Италия елдерінен келеді.
Сонымен жеңіл өнеркәсіп өнімінің 90 пайызын импорттайды екенбіз. Мұнда, биылғы 8 айдың көрсеткіші бойынша, Қытайдың үлесі 49 пайыз, одан кейін Түркия тұр – 19,1 пайыз, Ресейден келетін тауардың үлесі 18 пайызға жуық, Италия мен Өзбекстанның үлесі, шамамен, 2,5 пайыздан. Өз халқымызды киіндіре алмай жатқанымызға жеңіл өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,1 пайыз болып отырғаны да дәлел. Салыстыру үшін айтайық, Өзбекстан экономикасындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі – 8,8 пайыз. Салалық министрліктегілер сонда да өндіріс көлемі өсіп жатқанын айтады.

Ерболат Боранбай, ҚР ИИДМ Жеңіл өнеркәсіп басқармасының бас маманы:
Соңғы 10 жылдағы көрсеткіш бойынша өңдеу өнеркәсібі саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі 39,6 млрд тг-ден 153,6 млрд тг дейін өсті. Бұл жеңіл өнеркәсіптің бір орында тұрмай дамып келе жатқанының белгісі. –Сонда жеңіл өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі қанша деп айта аламыз? – 1 пайызды құрайды ғой.
Осы көрсеткіш бойынша да Өзбекстанды мысалға келтіруге болады. Онда жеңіл өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 15 пайызға жуық екен. Сосын олар киім-кешек өндірісіне қажет материалдарды сырттан әкелсе баж салығын мүлдем төлемейді. Ал қазақстандық кәсіпорындар 5 пайыздан 15 пайызға дейін салық төлеуге міндеттелген. Өзбекстан сияқты оны алып тастай алмаймыз дейді экономист.

Сапарбай Жобаев, экономист:
Біз еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан кейін шекарадан кіретін нәрсенің барлығына осы бес мемлекеттің үкіметі, комиссиясы Москвада отырған, солар жауап береді. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде біз кеден төлемдерін Ресеймен біркелкі қоямыз.
Осы Одаққа кіргелі алым-салық ұлғайып жеңіл өнеркәсіп өндірісі қымбаттай түскенін қырғыз кәсіпкерлері де айтады. Бірақ олар осы ұйымға мүшелікке енбей тұрып саланы дамытып алған. Қазір ТМД елдері ішінде Өзбекстанды ғана бәсекелес көреді. Алайда жеңіл өнеркәсіптің жетілген салаға айналуына мемлекеттің мүлдем қатысы жоқ дейді қырғызстандық сарапшы.

Искендер Шаршеев, Peak Bishkek бизнес-акселераторының директоры:
Кеңес одағы тарағаннан кейін Қырғызстандағы жеңіл өнеркәсіп саласы құлдырады. Мемлекет бұл салаға мүлдем көңіл бөлмей кетті. Экономикада «араласпай, жұмыс істеуге мүмкіндік бер» деген мәндегі принцип бар, соның көрінісі шығар, кәсіпкерлер мемлекеттің араласуынсыз-ақ бұл саланы дөңгелетіп әкетті. Қырғыз фабрикалары тек соңғы өнімді тігуімен айналысады, шикізаттың бәрі – шетелдікі.
Шығарылған өнім негізінен экспортталады дейді біз сұхбаттасқан қырғыз маманы. Басты тұтынушысы – Қазақстан мен Ресей екен. Мұны қырғыз кәсіпкерлері үкіметтің араласуынсыз-ақ жасағанын сарапшы бірнеше рет қайталады. Ал Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін арнайы Жол картасы қабылданған.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу