Жастар Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын талқылады

12.11.2022

Келер жексенбіде қазақстандықтар үшін маңызды саяси науқан – Президент сайлауы өтеді. Ел Президенттігіне үмітті кандидаттар мен олардың сенімді өкілдері халықпен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Елордалық жастар Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын талқылады. «BIR TOLQYNDA» диалог алаңының кезекті отырысында белсенді жастар Президенттің білім беру және жастар саясаты саласындағы бастамаларына баса назар аударды. Жастардың алдағы президенттік сайлауға деген қызығушылығы олардың ел ісіне араласуға дайындығын көрсетеді, дейді жиынға қатысушылар.

М. ҚАЖЫКЕН ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Мейрам Қажыкен Қарағанды облысына барып, кеншілермен кездесті. Кандидат сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, металлургтерді толғандыратын сұрақтарға жауап берді. Жеке кәсіпорындардың шарттық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамауы және еңбекақы төлеу жүйесіндегі кемшіліктер айтылды.

АРАҚАТ ӘБДЕН ДОНОР БОЛДЫ

Донор болу – өмір сыйлау. Президенттікке кандидат Қарақат Әбден қан тапсырды. Республикалық штаб өкілдері де игі іске қолдау көрсетті. Соңғы кездері Астанада донор болуға ниет білдірген азаматтардың қатары көбейіп келеді, - дейді орталық өкілдері. Мұнда күніне 100-астам адам қан тапсырады.

Қарақат Әбден, президенттікке кандидат:

Бұл бастаманың әлеуметтік маңызы өте зор. Өздеріңіз білесіздер, донор қаны қиын жағдайға түскен адамдарға үміт береді. Мұндай игі істерге бәріміз қатысқанымыз жөн деп санаймын. Өзгелерге көмектесу бізді де біріктіреді. 

Ж.ДАЙРАБАЕВ ЖЫЛЫЖАЙ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары еліміздегі ең ірі жылыжайдың біріне барды. Қызанақтың түр-түрін өсірумен және сатумен айналысатын кешен Алматы облысының Чапаев ауылында орналасқан. Былтыр ғана ашылды. Бұл іске жергілікті әкімдік те қолдау көрсетіп, электр желісін тартуға бюджеттен 100 млн теңге бөлген. Жобаның жалпы құны – 5 млрд теңге.

Жигули Дайрабаев, президенттікке кандидат:

Алынатын өнім өте жоғары. Бұлар жылына 3 мың тоннаға дейін өнім өндіреді екен. Негізі экспортқа бағытталған және мынау Алматы мегаполисін қамтамасыз етуге жағдайлары бар екен.

Н.ӘУЕСБАЕВ АҚКӨЛ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Ақкөл ауданының халқымен кездесті. Оппозициялық партия өкілі тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сайлаушылар кандидатқа ауданда жер учаскесін бөлу, ауыл шаруашылығымен айналысатын дихандарға берілетін көмектің мардымсыз екендігін айтты. Тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Нұрлан Әуесбаев, президенттікке кандидат:

Оларды негізінен қызықтыратын мәселе – ауыл шаруашылығы мәлелелері. Оның ішінде пай мәселесі. Өздерінің тиісті пайын уақытылы алу, оның бағасының қымбаттауы, арзандауы сияқты мәселелердің төңірегінде болды.

С.ТҰРСЫНБЕКОВА ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСЫМЕН 7 ӨҢІРДЕ БОЛДЫ

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекованың өңірлік штабтары үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Бүгін Алматыда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалы метрода парақшалар таратып, халықты 20-сы қараша күні сайлауға келуге шақырды. Салтанат Тұрсынбекова саяси додаға да осы ұйымның атынан қатысып жатыр. Осы күнге дейін кандидат үгіт-насихат науқанымен еліміздің 7 өңірін аралап, тұрғындармен кездесу өткізген болатын. Өзінің сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндірген. Қазіргі таңда кандидаттың 20 өңірде штабы толыққанды жұмыс істеп тұр.

Хабарламаларға жазылу