Мемлекет басшысы: Қазақстан барлық елдің территориялық тұтастығын біржолата қолдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Қазақстан барлық елдің территориялық тұтастығын біржолата қолдайды

11.11.2022

Қазақстан барлық елдің территориялық тұтастығын біржолата қолдайды. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Мемлекет басшысы осылай деп маңызды мәлімдеме жасады. Cамарқанда саммит декларациясы қабылданды. Сонымен бірге Түркі инвестициялық қоры құрылмақ. Ал Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті келер жылы Қазақстанда өтеді.

Ақерке Бектас, тілші:

Самарқандағы «Мәңгілік қала» Өзбекстанның мәдениеті мен дәстүрін бір кеңістікке тоғыстырғандай. Сан алуан өнер туындысы, шеберхана, тарихи жәдігерлер де осында. Идеясы сол. Осы арқылы қасиетті мекенге келетін туристерді көбейтпек ниетте. Бірақ Ұлы Жібек жолы бойында қанат жайған бұл қала биыл күзде бірқатар саяси маңызды басқосудың алаңына айналды. Қыркүйекте ғана Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшылары жүздескен. Бұл жолы Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті.

Түркі халықтарын тарих пен мәдениеттен бөлек байланыстыратын ортақ құндылық көбейді. Әсіресе қауіп мен мүмкіндік қатар келген қазіргі уақытта. Бауырлас елдерді саясаттан сауда-саттыққа дейін алаңдатқан мәселе көп. Аймақтағы тауар тасымалы – соның бірі. Қазақстан көлік-логистиканы дамытуға 15 жылда 35 млрд доллар қаржы бөлді. 3 жылда 20 млрд доллар инвестиция тартпақ. Енді соңғы жылдары сұраныс артқан Транскаспий халықаралық дәлізін тиімді пайдалану маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды. Бұл ретте, сіздерді осы бағдарды барынша пайдалануға шақырамын. Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдірген жөн. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ, қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдаған абзал.

Дүние жүзіндегі саяси жағдай күрделі кезеңде аймақ қауіпсіздігі күн тәртібіндегі аса маңызды тақырып. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан барлық елдің территориялық тұтастығын біржолата қолдайды және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң сақтауды қажет деп есептейді. Бұл – еліміздің негізгі мүддесіне толығымен сай келетін қажетті қағидат. Сондықтан бұл қағидатқа басымдық ретінде баса назар аударамыз.

Мемлекет басшысы бұл мәлімдемені Солтүстік Кипр Түрік Республикасына Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесін беру туралы өтінішке орай жасаған. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстан БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын дәйекті түрде ұстанады. Ол «Президент бұл жөнінде бірнеше рет айтқан» деп түсіндірді.

Түркі халқының байланысын бекемдейтін құрылым көп. Бірақ бұған дейін тек кеңес аталып келген алаңның ұйымға айналуы саяси салмағын арттырды деп есептейді, сарапшылар.

Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Бұл әртүрлі сатыдағы ынтымақтастық нығайып отыр. Тек ғана жиналып, консультация алу емес, бұл толыққанды ұйым ретінде күшейіп келе жатыр деген сөз. Бізде Орталық Азияда аймақтық кооперация бойынша әлемдік әртүрлі шақыруларға байланысты біздің өзіндік жауабымыз болу керек.

Сол үшін де ұйымның міндетін айқындап, құрылымын реттейтін уақыт жетті. Мұны іске асыруда Үйлестіру комитетінің қызметі маңызды рөл атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркі мемлекеттері ұйымы мен басқа да құрылымдарды жүйелеп, орнықтыратын кез келді деп ойлаймын. Қазір Ұйым хатшылығына жүктелетін жауапкершілік артты. Сондықтан Түркі кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісімінің 13-ші бабындағы Тұрақты өкілдер туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Олар өзара іс-қимылымызды үйлестіру ісінде маңызды рөл атқарар еді.

Ал былтыр әріптестерін Ыстамбұл кеңесінде қарсы алған Реджеп Тайип Ердоған геосаяси ахуалға қатысты бұған дейін бірқатар мәлімдеме жасаған. Түркия Президенті бұл жолы да Украинадағы қақтығысты тоқтатуға шақырды. Мәселені бейбіт жолмен шешуге үндеді. Сонымен бірге:

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

Біз терроризм қаупі сейілмейінше, тоқтамаймыз. Түркия ДАИШ, Әл-Қаида секілді террорлық ұйымдармен күресті жалғастырады. Және халыққа қауіп тудыратын мәселелерді шешуге бауырларымызды шақырамыз. 2014 жылдан бастап, біз ең көп босқын қабылдаған ел болдық. 5 млн адам келді. Оның ішінде 3,6 млн адам Сириядан келген еді.

Ал Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев ұйым мүшелерін Қарабаққа шақырды. Және мәдениет орталығы пен мектеп салуға қолдау көрсеткен Қазақстан мен Өзбекстан басшысына алғыс айтты. Түркия Президенті «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды. Бұл ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді. Тараптар 5 маңызды құжатқа қол қойып, саммит декларациясын қабылдады. Ұйымға төрағалық ету міндеті Өзбекстанға ауысты, ал бас хатшы лауазымына Қырғыз Республикасының өкілі Қуанышбек Өмірәлиев тағайындалды.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу