Алматыдағы өрт: Базар қоймасындағы өрттің шығыны есептеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы өрт: Базар қоймасындағы өрттің шығыны есептеледі

11.11.2022

Алматыда ірі көтерме сауда базарларының қоймасындағы өрт бойынша арнайы зерттеушілер тобы құрылды. Кәсіпкерлерге келген шығын есептеліп жатыр. Ол үшін қойма иелері мен саудагерлерден түсініктеме алынды. Жалын неден тұтанды? Қоймадағы қандай тауарлар өртенді?

Бұл - Алматыдағы ең ірі базардың қоймасы. Әп-сәтте тараған от. Саудагерлер қыруар қаржыға алынған тауарын құтқаруға тырысып жатыр.

Таңертең алаңсыз саудасын бастаған Данияр өрт жайлы естіп, қоймаға қарай жүгірген. Алайда аумақты полиция қоршауға алып, ешкімді өткізбеген.

Данияр Илхамжанов, саудагер:

Қоймада менің де заттарым бар. Алаңдап тұрмын. Бізді ол жаққа кіргізбей жатыр. Контейнер иесіне хабарлассам, затың аман деді. Жақсылыққа үміттемін.

Ірі қоймада негізінен тұрмысқа қажетті заттар, ойыншықтар мен косметикалық тауарлар сақталған. Саудагердің көбісі контейнерлерді жалға алып отырған.

Еркебұлан Серікұлы, саудагер:

Өртті өзіміз өшіріп бастап едік, өрт күшейіп кетті. Күшіміз жетпеді. Үлгермедік. Бұл қоймада затым бар, біздікі аман.

Қызыл жалын түскі 11-лер шамасында тұтанған. Базар маңындағы кептеліске қарамастан, өрт сөндіру қызметінің алғашқы бригадасы 8 минутта жетті.

Арман Мәкенов, Жетісу ауданы ТЖБ бастығы:

Аталған аудан сумен аз қамтылған аудан болғандықтан, күрделі өртті сөндіруге автопойыз жұмылдырылып, үздіксіз су беру қамтамасыз етілді.

Аумағы 1,5 мың шаршы метр болатын қойма жанып, іргелес және көрші қоймалардағы тауарлар мен материалдар салынған контейнерлерге таралу қаупі болған. Қазір оттың шығуына байланысты сараптама жасалып жатыр.

Жазира Оразқызы, тілші:

Мынадай кіл контейнерлерден тұратын қоймадағы өрт 1 сағаттан соң ауыздықталды. Десе де, оқиға орнында мамандар әлі де жұмыс істеп жатыр. Қызыл жалынның шығу себебі мен кәсіпкерлерге келген шығынның нақты көлемін арнайы зерттеушілер тобы анықтайтын болады.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу