Алматыда бір тәулікте 163 жол-көлік оқиғасы тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бір тәулікте 163 жол-көлік оқиғасы тіркелді

09.11.2022

Өткен бір тәулікте Алматыда 163 жол апаты тіркеліп, 48 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Ал бір тұрғын қаза тапты. Қалалық ПД жүргізушілерге маңызды ескерту жасады. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Кеше орын алған жол апатының алғашқысы Абылай хан мен Төле би көшелерінің қиылысында болды. №98 және 201-ші бағытта жолаушыларды тасымалдайтын екі автобус соқтығысып, 21 адам зардап шекті. Оларға медициналық көмек көрсетуге 9 бірдей жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған еді. Қазір 9 адам ауруханада жатыр. Айта кету керек, апат салдарынан 1 адам қаза тапты. Қоғамдық көлік тізгіндеген жүргізушілердің бірінің миы шайқалып, есін жоғалтқан. Дәрігерлердің сөзінше, қазір оның жағдайы бірқалыпты. Жалпы ПД берген мәліметке сүйенсек, ауа райының күрт нашарлауынан өткен тәулікте 163 жол апаты тіркеліп, 48 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері ауа температурасы төмендеп, қар жауады. Сондай-ақ көктайғақ болуы ықтимал. Ал Алматыда қалың тұман болады. Сондықтан ПД мамандары жүргізушілерден барынша сақтық шараларын қолға алып, дөңгелектерін қысқыға ауыстыруларын сұрайды.


Хабарламаларға жазылу