Әлихан Смайылов жаңартылған энергияны дамыту туралы айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов жаңартылған энергияны дамыту туралы айтты

08.11.2022

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытудың аймақтық орталығы болуға дайын. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мысырда өтіп жатқан жаһандық жылынуға қатысты әлем көшбасшыларының Климаттың саммитінде айтты.

120-дан аса елдің өкілі қатысып жатқан жиында Премьер-Министр Қазақстан климат жөніндегі Париж келісімінің мақсаттары мен міндеттерін берік ұстанатынын жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстанда жалпы өндірістегі «жасыл» энергияның үлесі шамамен 3 пайыз.

Бұл ретте оны өндіру көлемін 15 пайызға дейін, яғни 2030 жылға қарай қосымша 7 гигаватт-қа ұлғайту жоспарда бар. Сонымен қатар биыл көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15%-ға төмендету көзделген.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы барынша биік мақсаттарды қойып отыр. Осының аясында жыл соңына дейін төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдау жоспарлануда. Орталық Азиядағы елдің алғаш болып осындай маңызды құжатты қабылдауы тарихи сәтке айналмақ. Қазақстанның «жасыл» энергетиканың әлемдік орталықтарының бірі болуға әлеуеті зор. Сондықтан біз жаңартылатын энергия көздерін дамытудың аймақтық орталығына айналуға және жалпы Орталық Азияны «жасыл» технологияларға көшуге ынталандыруға дайынбыз.

Саммит аясында Үкімет басшысы мен Еуропалық комиссия президенті қол қойды. Өзара түсіністік туралы меморандум ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды дамытуға бағытталған. Әлихан Смайылов бұл құжат қос тараптың қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуына жағдай жасайды деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі және маңызды сауда серіктесі. Еліміздің сыртқы саудадағы үлесінің шамамен 30% Еуроодаққа тиесілі. Сонымен қатар біз инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша әлеуетіміздің зор екенін көріп отырмыз. Қазақстан еуропалық бизнес үшін тартымдылығы жоғары әртараптандырылған энергия көздеріне, транзиттік-көліктік әлеуетке ие және табиғи ресурстарға бай. Бүгін біз шикізаттың және батареялар мен «жасыл» сутек құнын құрудың тізбегі саласында маңызды құжатты бекіттік.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия президенті:

Біз осыған дейін қалыптасқан өзара терең қарым-қатынасымыздың жаңа парағын аштық. Еуропалық Одақ пен Қазақстан көп жылдан бері берік экономикалық байланыстарды дамытып келеді. Еуропалық Одақ – тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 60% құрайтын Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор, сондай-ақ бүгін қол қойылған меморандум бұл қатынастарды одан әрі кеңейте түседі.

Саламат Омаш

Хабарламаларға жазылу