Риддердегі әлеуметтік маңызды нысандарда жағдай тұрақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддердегі әлеуметтік маңызды нысандарда жағдай тұрақты

08.11.2022

Риддердегі әлеуметтік маңызды нысандарда жағдай тұрақты. Қалалық орталық ауруханадағы темпратура қажетті 20-25 градус жылылықты ұстап тұр. Медицина қызметкерлері барлық бөлімдерде кезекшілік ұйымдастырып, сағат сайын жылуға мониторинг жасап отыр.

Ал перзентхандағы әр палатаға қосымша жылыту қондырғылары қойылған. Соңғы екі тәулікте екі нәресте дүниеге келген. Қазір жалпы ауруханада 100-ге жуық науқас емделіп жатыр. Егер күн күрт суытып, емхана салқындаған жағдайда қосымша жылту құрылғылары қосылады.

Гүлнар Кітапбаева, Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері:

Жалпы біз қыста аурухандағы жылуға үнемі мониторинг жасап, қадағалап отырамыз. Ал жылу орталығында ақау болғанын бізге дереу хабарлады. Сол сәттен бастап палаталардағы жылуды ұстап қалуға тырыстық. Қазір әр палатада 20-22 градус жылы. Кешеге қарағанда өткен түнде батареялар сәл жылыныпты.

Ал жылу электр орталығындағы ақау осы коммуналдық нысанның басшыларының немқұрайлығынан болған. Кешенді жөндеу жұмысын жүргізбеген. Оның соңы ірі техникалық апатқа соқтырды. Жедел штаб жұмысын үйлестіріп отырған Шығыс Қазақстан облысының әкімі- Даниал Ахметов осылай деді.

Сондықтан облыс басшысы жылу электр орталығы мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты. Стратегиялық нысанның бірнеше жыл бұрын құрылтайшысы ауысып, жекенің қолына өткен. Содан бері қаладағы 60 мыңға жуық тұрғын жылуға жарымай келеді.

Кешеден бері коммуналдық нысанда болған ақау қалпына келе бастады. Өткен түнде бірінші қазандықтағы дәнекерлеу жұмысының алғашқы кезеңі аяқталды. Негізгі үш насос та іске қосылды. Температура 40 градусқа дейін көтерілді. Көпқабатты үйлер мен әлеуметтік мекемелерге жылы су да келе бастады.

Олжас Керей

Хабарламаларға жазылу