Қаңтар трагедиясына он ай: Қоғам белсендісі Жанболат Мамай қамаудан шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар трагедиясына он ай: Қоғам белсендісі Жанболат Мамай қамаудан шықты

06.11.2022

Қаңтар трагедиясына тура он ай. Жаңаөзенде басталып, өзге өңірлерде жалғасқан шеруге не түрткі болғанын ешкім ұмытқан жоқ шығар. Сұйытылған газдың аяқ асты екі есе қымбаттағаны...Әлеуметтік теңсіздік экономикалық талапқа алып келді. Оның соңы трагедия – 238 адам қайтыс болды. Мыңдаған адам түрмеге қамалды.

Әлеуметтік иерархияның төбесіне олигополия, монополия отырып алған қоғамда ерте ме, кеш пе наразылық туындауы – заңды құбылыс. Монополиямен күреске сәлден соң ораламыз. Қазір қаңтар оқиғасынан кейін қамалғандар туралы айтайық. Осы апта мемлекет басшысы «Рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді.

«Рақымшылыққа ілінген азаматтардың нақты қашан, қай кезде босап шығатынын айта алмаймыз. Өйткені әлі де тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Іс сотқа жіберіледі, онда қаралады және тек үкім шығарылған кезде ғана сот рақымшылық актісін қолданады. Заңда уәкілетті органдар рақымшылықты орындау үшін 6 ай ішінде барлық ұйымдастыру іс-шарасын қабылдауы керек деген норма бар. Барлығы заң тәртібі негізінде іске асады», – деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев.

Сондай-ақ осы аптада қоғам белсендісі Жанболат Мамай қамаудан шықты. Нақтырақ айтқанда, оның бұлтартпау шарасы үй қамаққа ауыстырылды. Жанболат Мамай тергеу изоляторына наурыз айында түскен еді. Оның үстінен «заңсыз митинг ұйымдастыру», «билік өкілін қорлау» және «жалған ақпарат тарату» баптары бойынша іс қозғалған. Қоғам белсендісінің соты ертең басталады.

Хабарламаларға жазылу