Сайлау-2022: Президент сайлауына 15 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2022: Президент сайлауына 15 күн қалды

05.11.2022

Сайлауға 15 күн қалды. Ел президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Қазір жер-жердегі штаб өкілдері сайлаушылармен кездесіп, кандидаттар да ел аралап жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы Қызылордада кездесулер өткізді

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті. Бизнес және аграрлық сектор өкілдерімен кездесуде өңірдегі көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Бұдан соң Қызылорда жылу электр орталығының ұжымымен кездесу өтті. Жиында коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалар туралы айтылды. Сондай-ақ айтыскерлер және жыршылармен мәдениет пен өнерді дамытуға бағытталған бастамалар талқыланды.

Ұлжан Байбосынова, жыршы:

Шын мәнінде бүгінгі таңда біздің үмітіміз өте зор. Әділдік бар жерде елдік, бірлік, ауызбіршілік бар, яғни біздің тұтастығымыз бар. Келешек ұлт болып, ұлыс болып сақталып қалуымызға мүмкіндік бар деп есептеймін.

Мейрам Қажыкенді қолдау штабы алдағы жоспарды пысықтады

Кандидат Мейрам Қажыкенді қолдау штабының жұмысты жалғасып жатыр. Өңірлердегі сенімді өкілдермен күн сайын жиындар өткізіліп, атқарылған істер мен алдағы жоспарлар пысықталады. Сайлаушылармен әлеуметтік желілер арқылы да кері байланыс орнатылған. Штаб басшысы облыстардан кандидатқа сенім каскаларының келіп жатқанын да жеткізді. Ол «Еңбек адамының символы болған бұл каскалар зор құрмет пен үлкен жауапкершілік артады», - дейді. Кандидатта ұсыныс, тілектер жазылған осындай 4 каска бар.

Әбіл Кекілбаев, М.Қажыкен штабының басшысы:

Өзіміздің сенімді өкілдеріміз, кәсіподақ мүшелері Мейрам Зекешұлына сенім білдіріп, осындай каска жіберіп жатыр. Өскеменнен Қостанай облысындағы Рудный қаласынан Жезқазғаннан беріп жіберді. Тағы да Қызылорда, Петропавл, Қарағанды, Талдықорған қалаларынан тілектерін жазып өздерінің каскаларын беріп жіберді. 

Қазақстанға байқаушы ретінде қызығушылықпен келеміз. Президенттіке кандидат Қарақат Әбденнің республикалық штабында болған ТМД байқаушылар тобының мүшелері осылай деді. Миссия өкілдері кандидатпен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен танысты. Штаб жетекшісі осыған дейін атқарылған жұмыстарды баяндады. ТМД байқаушылар тобы Қазақстанда 27-ші қазанда жұмысын бастаған. Еске сала кетейік, кандидат 6 аймақта болып жұртшылықпен кездесті. Енді Ұлытау облысы мен оңтүстік өңірлерді аралайды.

Евгений Козяк, ТМД байқаушылар тобы штабының жетекшісі:

Қазақстанға келген сайын өзгерістерге көз жеткіземіз. Әр науқан өздігімен ерекшеленеді. Саяси жағдай да басқа. Сондықтан халықаралық байқаушы ретінде жүктелген міндеттерімізді орындауға қызығушылықпен келеміз. Кандидатпен үгіт-насихат жұмыстары туралы әңгімелестік. Оларға сараптама жасап, қорытынды құжаттарға енгізетін боламыз.

Жигули Дайрабаев аграрлық университетке барды

Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне барды. Ғылыми зертханалардың және бейнеконференция кеңселерінің жұмысымен танысты. Жоғары оқу орнының басшылығымен, оқытушыр құрамы және студенттермен кездесті. Отандық ауыл шаруашылығы саласына жас әрі білікті мамандарды тарту мәселесі айтылды. Қатысушылар көкейдегі сауалдарына жауап алды. Саяси бірлестік сайлауалды үгіт-насихат бағдарламасын таныстырды.

Тастанбек Атақұлов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:

Сайлауға үміткерлердің бірі Жигули Дайрабаев біздің университетіміздің түлегі, агроном қатысып отыр. Университет ұжымы мен студенттер сол кісімен кездесу ұйымдастырды. Жигулидің бағдарламасын тыңдадық.

Нұрлан Әуесбаев Астанада жиын өткізді

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев пен жақтастары Астанада жиын өткізді. Оған қала тұрғындары мен «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының белсенділері қатысты. Әуелі опазициялық партия өкілдері сөз сөйлеп, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Сонымен бірге, ниет білдірушілер де пікірлерін ортаға салды. Кандидатқа сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді. Нұрлан Әуесбаев күні бүгінге дейін елдің 6 аймағын аралап шықты.

Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:

Ауа райының суықтығына қарамастан, жел тұрып тұр суық аяз болып тұрса да мүмкіндігінше жиналған халыққа рақмет айтқым келеді. Өйткені, олар үлкен келелі мәселелерді көтерді. Біз осыған мұрындық болып, осы іс-шараны ұйымдастырдық. Халық жақсы жиналды, көптеген жақсы пікірлер айтылды.

Салтанат Тұрсынбекова студенттермен кездесті

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанын Алматы қаласында жалғастырып жатыр. Бүгін ол Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетіне барып, студенттермен кездесті. Жиында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы толық түсіндірілді. Айта кету керек, бұл білім ордасынан осы күнге дейін 80 мың педагог түлеп ұшқан. Ал қазір 4 мың 200 студент грантта оқиды.

Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:

Бүгін мен дауыс беруге құқығы бар студенттермен кездесуге келдім. Жалпы сайлау туралы, сайлау науқанындағы өзімнің бағдарламам туралы айтып бердім. Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық институтында 8 мың студент бар. Барлығы қыздар. Университет 44 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүкіл Орталық Азияда бұл тек қыздар оқитын жалғыз университет.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу