Кәсіпкерлер талабы: Тауарды сертификаттау құны қымбат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер талабы: Тауарды сертификаттау құны қымбат

03.11.2022

Павлодарлық кәсіпкерлер өндірілген тауарларды сертификаттау мәселесі қайта қаралса, дейді. Себебі, бағасы қымбат, жарамдылық мерзімі 1 жыл ғана. Ең қиыны, бір станоктан шығатын өнімнің пішініне сәл өзгеріс енсе болғаны сертификаттауды да жаңарту керек деген талап бар. Мәселенің мәнісін тілшіміз зерделеп көрді.

Бұл шағын цехта табиғи таза ойыншықтар жасалады. Негізгі материал – ағаш. Бөлшектері алынбалы, салынбалы. Баланың ойлау қабілетін дамытуға арналған. Кәсіпкер Дархан Абдуллин өнімді мемлекеттік мекемелерге өткізе алмаймыз, дейді. Себебі, сапа сертификаты жоқ. Әр тауарға жеке-жеке сертификат алуға шама келмейді, дейді ол.

Дархан Абдуллин, кәсіпкер:

Біздің өндірісте 100-ден аса ойыншық түрі бар. Оның әр қайсысына сертификат алуымыз керек. Егер де бағасына жүгінетін болсақ, оның бағасы миллионнан асып кетеді. Және ол бір жылға беріледі.

Өндірісі жолға қойылған өнімді жыл сайын қайта сертификаттау қаншалықты қажет? Артық ақша шығарып, бос сергелдеңге түсеміз деген кәсіпкерлер Сауда және интеграция министрлігі сертификаттау құнын қайта қараса, дейді. Аталған ведомство өкілдерінің де айтары бар.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Ондай баға болмауы тиіс. Тауардың бір ғана түрі үшін 120 мың теңге деген өте қымбат. Мен Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығын жақсы білемін. Қызмет көрсету ауқымын ұлғайту арқылы ақшаны көбірек алады.

Сертификаттау, яғни сапа құжатын беру елімізде 1996 жылдан бастап еркін нарыққа шығарылды. Нақтысы жеке меншік фирмалардың қолына өтті. Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы да мемлекеттік мекеме емес. Салдарынан шағын бизнес кедергіге тап болды. Өнімнің өзіндік құны қымбаттап, отандық тауар импортпен бәскелесе алмайтын болды.

Жәмила Ерназарова, Шағын және орта бизнес менторы:

Өнімді сертификаттау ауыртпалығы кәсіпкердің басын көтертпейді. Маркет плейске шығу, мемлекеттік сатып алуларға қатысу және сыртқы нарыққа шығу үшін сапа сертификаты керек. Ал, сертификат беретін маманды өндіріске шақыру шығынының өзі кәсіпкердің мойнында. Сондықтан мәжбүрлі түрде сапа құжатынсыз өнім шығаруға тәуекел етеді.

Вице-министр өнімді сертификаттау мәселесі жақын арада қаралады деп сендірді. Ал, мәселе дәл осылай қала берсе, отандық тауар өндірісі дамымайды. Себебі, өз өнімімізді шығарудан, шеттен әкелінетін дайын тауарды сату әлдеқайда оңай, дейді кәсіпкерлер.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу