Құтқарушылар шахтада болған қайғылы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құтқарушылар шахтада болған қайғылы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді

03.11.2022

Құтқарушылар Ленин атындағы шахтада болған қайғылы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 830 метр тереңдікте жүргізілген құтқару жұмыстарына 6 бригада, жалпы саны 35 адам қатысқан. Олар төтенше жағдай болған жерге келгенде алдымен үш кеншінің, сосын тағы бірінің мәйітін тапқан.

Біршама іздестіру жұмыстарынан кейін 5-ші кеншінің мәйітін жер бетіне шығарған. Мамандардың сөзінше, газды дренаждау скважинасын бұрғылау кезінде дүмпу болып, ауаға метан газы тараған. Салдарынан 9 адам зардап шекті. Оқыс оқиға кезінде барлығы 106 адам жұмыста жүрген.

Жұмат Өкенов, «Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару» ЖШС ҚОФ директорының орынбасары:

Әр жерде екі құтқарушыдан жұмыс істеді. Тағы бір адам барлық жұмысты басқарды. Оқиға орнына жеткенде бірден үш адамның денесі табылды. Біраз уақыттан кейін екінші аумақтан төртінші адам анықталды. Ал бесіншісін таңертең таптық. Оқиға кенеттен болғандықтан кеншілер өзін-өзі құтқара алмаған. Тіпті қауіпсіздік құралдарын қолданып үлгермеген.

Денсаулығына зақым келген 4 кенші облыстық ауруханаға жеткізілді. Олар метан газына уланған. Екеуінің жағдайы тұрақты. Басынан қатты жарақат алған екі азаматтың халі ауыр. Оларға шұғыл операция жасалады.

Талғат Жүкен, Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

Екеуінде де бас сүйек-мидың ашық жарақаты бар. Метан газына қатты уланған. Жағдайлары ауыр. Сондықтан қандай да бір болжам жасау қиын. Біз барымызды салып жатырмыз.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу