Ел президенттігіне үміткерлер ел аралап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел президенттігіне үміткерлер ел аралап жүр

01.11.2022

Ел президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Қазір жер-жердегі штаб өкілдері сайлаушылармен жолығып, кандидаттар да ел аралап жүр.

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі штаб мүшелері Шығыс Қазақстандағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасына және жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызына тоқталды. Штаб басшысының айтуынша, еліміз соңғы үш жарым жылда түрлі сынақтарды еңсеріп, бірлігіміз арта түсті. Енді бәріміз бірігіп, қуатты Қазақстанды құруға атсалысуымыз керек.

Мәулен Әшімбаев, Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы:

Біз нағыз демократиялық реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ұзақ жолдың басы ғана. Қазақстанды барлық азаматқа тең мүмкіндік жасалған мемлекетке айналдырамыз. Басты басымдық заң. Одан ешкім биік болмауы керек.

Жас ІТ-мамандармен кездесуде Штаб мүшелері үміткердің сайлауалды бағдарламасын тоқталды, оны тармақ-тармақ бойынша талқылады. Сонымен қатар бизнес саласындағы жергілікті сарапшылармен және кәсіпкерлермен бірге саладағы мәселелер жайында пікір алмасты. Әрі еңбек ұжымымен кездесіп, жиналғандарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ штаб мүшелері көп балалаы аналармен кездесті.

Мейрам Қажыкеннің үгіт-насихат жұмыстары Абай облысында жалғасты

Ал ел президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкеннің үгіт-насихат жұмыстары Абай облысында жалғасты. Әуелі «Семей инжинеринг» зауытында болды. Бұл кәсіпорын 1987-2004 жылдар аралығында «бронды жөндеу зауыты» деп аталып келген. Өндірістің негізгі бағыты – қорғаныс және азаматтық мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, жөндеу және сату. Кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу барысында кандидат сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Қызметкерлермен саяси-әлеуметтік тақырыпта пікір алмасты. Мейрам Зекешұлы өңірдегі штаб жұмысымен де танысты. Кандидат Абай облысында бір күн аялдап, тағы бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Қарақат Әбденнің Алматы облысы жұртшылығымен кездесулері жалғасуда

Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің Алматы облысы жұртшылығымен кездесулері жалғасуда. Бүгін ол Еңбекші Қазақ ауданына қарасты Есік қаласында болды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қазметкерлерімен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарымен таныстырды. Балабақшалардың қазіргі жай-күйі төңірегінде пікір алмасты. Қазір ауданда мектепке дейінгі 170 білім беру мекемесі бар. Оның 30-ы мемлекеттік балабақша, 12-сі шағын орталық.

Жазира Нұрғожаева, балабақша меңгерушісі:

Мектепке дейінгі мекемелерде көптеген жетістіктер бар. Мемлекеттен де қолдаулар бар. Әрине мекемелерде проблемалар да бар. Олар өз шешімін табуда. Мазалаған сұрақтарды қойдық. Тиісті жауаптарымызды алдық.

Жигули Дайрабаев Қарағанды облысына барды

Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев Қарағанды облысына барды. «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік кешенінің жұмысымен танысып, қызметкерлерімен кездесті. Сонан соң өңірлік штабта селекторлық отырыс өткізіп, сайлауалды үгіт-насихат науқанының 10 күндігін қортындылады. Облыстардағы әріптестерімен бейнебайланысқа шығып, алдағы жоспарларын бір пысықтап алды. Кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары бұдан бұрын Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе және Ақмола облыстарында болды. Тұрғындармен және шаруалармен жүздесіп, саяси бірлестіктің бағдарламасын таныстырды.

Жигули Дайрабаев, президенттікке кандидат:

Қарағандылық сайлаушылармен кездесу өте мәдениетті өтті. Бұл кездесуге 3 жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттер қатысты. Көрші аудандардан Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Абайдан фермерлер келді. Сол фермерлер одағында активист болып жүрген азаматтар. Ауыл партиясының мүшелері түгелдей қатысты. Жиналыс өте бір сындарлы жағдайда өтті. Көп азамат ойларын ортаға салды. Қойған сұрақтарынан қанағат таптым.

Нұрлан Әуесбаев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат жұмыстарымен туған жері Шымкент қаласына барды. Қазығұрт шағын ауданының тұрғындармен кездесіп, сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ, оппозициялық партия өкілі өзін ұсынған бірлестік туралы да қысқаша айтып берді. Жиынға науқанның өту барысын бақылайтын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары қатысты. Кездесу барысында тұрғындар ашық пікірін айтып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Айта кетейік, кандидаттың сайлауалды бағдарламасы бойынша 50-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған.

Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:

Шымкент қаласында жұмыс сапарымен кезекті кездесу болды. Бұған өзімнің көңілім толды, ризашылық білдіремін. Мүмкін жерлестерім болғандықтан шығар, басқа шығар халық көп жиналып отыр. Барлық тұрғындарға өзімнің сайлауалды бағдарламамды жақсы түсіндіріп, жеткізе білдім.

Салтанат Тұрсынбекова Шымкентте сайлаушылармен кездесті

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Шымкентте қалалық адвокаттар алқасымен кездесті. Жиын барысында заңгерлер жиі тап болатын проблемалар қаузалып, ұсыныстар айтылды. Негізгі мәселе – халық тарапынан сотқа деген сенімнің аздығы.

Салтанат Тұрсынбекова, президенттікке кандидат:

Кездесу көңілімнен шықты. Өйткені мен де жалпы өзім заңгер болғанмын. Менің әріптестерімнің айтқаны, менің оларға жеткізгенім бір-біріміздің пікірлеріміз сай келеді бір-біріне.

Бұдан кейін Салтанат Тұрсынбекова Түркістан облысының Сайрам ауданына барды. Ақсукент елді мекеніндегі отбасын қолдау орталығындағы әйелдермен кездесті. Кандидат қордаланған мәселелердің шешу жолдарын талқылады.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу