Талдықорғандағы коттеджді қалашықта салынған баспаналар сапасыз болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғандағы коттеджді қалашықта салынған баспаналар сапасыз болып шықты

01.11.2022

Талдықорғандағы коттеджді қалашықта салынған баспаналар сапасыз болып шықты. Төбесінен су ағып, іргесінен жел үрлейтін үйлердің жайын бұған дейін де көтерген едік. Тұрғындар базынасын айтқан. Енді бұл мәселемен құзырлы органдар кіріспек.

Күміс алқа иегері Дина Қайыржанова бұл баспанаға осыдан үш жыл бұрын әрең қол жеткізген. Содан бері жауын-шашынды күндері төбеден аққан сумен арпалысып келеді. Мұнан бөлек, қабырғаға жапсырылған тақтайшалар да, сыртындағы сылағы да шетінен құлап жатыр.

Дина Қайыржанова, қала тұрғыны:

Жаңбыр сорғалақтап жауған кезде балалар менің қасыма келіп жатады, қасымызға. Ал мына жерден сорғалақтап аққан кезде тоқтата алмайсың. Мынау былтыр ағартылған. Енді биыл түк те жасаған жоқпыз. Ағартқан да жоқпын. Ағартсаң да қайта ағады бәрібір.

Қалашықтағы баспаналардың басым бөлігінде осындай жағдай. Жалпы бұл ықшам ауданда 370 үй беріліп қойған.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Коттеджді қалашықтағы барлық үй 2020 жылы тапсырылуы тиіс болған. Алайда біразының құрылысы әлі аяқталмаған. Салынып жатқан баспананың да сапасы төмен, дейді әкімдіктегілер. Қазір жұмыстардың барлығы тоқтатылған. Себебі мердігерлерге қатысты іс қозғалып жатыр.

Жергілікті биліктің мәліметінше, құрылыс сапасына қатысты тексеру тамыз айында басталған. Ал қазан айынан бері Облыстық прокуратура мемлекет қаржысын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізуде.

Әсет Масабаев, Талдықорған қаласының әкімі:

Қазір 204 үйге қатысты келісімшартты біз бұздық. Және мердігерді сотқа бердік. Бұл ПМК-К-7 компаниясы. Бүгінде қазіргі таңда сот арқылы жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бұл үйлер жекешелендіру құқығынсыз жалға беріліп отырғандықтан, тұрғындар баспанаға өз еркімен күрделі жөндеу жүргізе алмайды. Прокуратурадан бөлек сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің департаменті де мәселені майшаммен қарамақ.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу