Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишельдің Қазақстанға ресми сапары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишельдің Қазақстанға ресми сапары

30.10.2022

Еуропа Орталық Азияға жақындай түсті және байланысты кеңейте бермек. Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишель Қазақстанға ресми сапарында қарт құрлықтың осы мүддесін жеткізді. Екі апта бұрын Астанаға 11 елдің президенті келіп, 3 бірдей үлкен жиын өткенде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі кезеңді «Азия ғасыры» деп атауы да бекер емес екенін дәлелдейді.

Энергетикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді Еуропа, мұнай-газ тасымалы бойынша балама жолды Орта Азия мемлекеттерімен бірлесіп салғысы келеді. «Әсіресе шығыс пен батысты байланыстыратын транспорттық тармақ ретінде Қазақстанның рөлі зор», - деді Шарль Мишель. Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға «терезе ашатын» бұл «Орта дәлізге» Қазақстан да қызығып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасымен кездесуде жобаның маңызды екенін айтты. Бірақ «жоба қашан және қалай жүзеге асады» деген сияқты детальдар жарияланбады. Әдеттегідей саяси салмағы ауыр тақырыптар «жабық есік» жағдайында талқыланды.

«Саяси салмақ» демекші, халықаралық аренадағы ірі ойыншылар Қытай мен АҚШ та байланысты кеңейтетін түрі бар. Си Цзиньпиннің ниеті сондай. «Әлем бойынша бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін екі мемлекет бір-бірімен тіл табыстырудың тәсілдерін табуы керек. Бүгін әлем бейбіт те, тыныш та емес. АҚШ пен Қытай халықаралық тұрақтылық үшін бірлесіп әрекет ету тиіс», - деді ол. Қытай Орталық телевизиясы таратқан Си Цзиньпиннің бұл мәлімдемесі – үлкен саяси қадам.

Ондаған жылдар бойы бәсекелес болып, «кім күшті» екенін дәлелдеумен келген державалар текетіресті тоқтатса, Еуразия ғана емес, тұтас әлемдегі жағдай өзгерер еді... Бейжің мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас соңғы уақытта Тайвань мәртебесі мен Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысына қатысты ұстанымдарынан кейін одан сайын ушығып кеткен еді. Ал Си Цзиньпиннің «ақ жалауды» көтеруі - жақсы нышан. Соғыс, дағдарыс саясаткерлерді де қажытқан сияқты... Кім білсін, бұл Қытай төрағасының «жұмсақ күш» саясаты да болуы мүмкін!.. Белгілісі: жақында ғана үшінші мерзімге Компартияның төрағасы болып қайта сайланған Си Цзиньпиннің «достық» дипломатиясын таңдауы Қазақстан үшін де тиімді.

Сонымен, шығыс пен батыс, Азия мен Еуропа бір-біріне қарай қадамдар жасай бастады. Қазақстан бұл сәтті қалай ұтымды пайдалана алады? Данияр Қайыртайдың материалы.

Данияр Қайыртай, тілші:

Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишель мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз жүргізуге кетті. Соңғы рет олар өткен айда Нью-Йоркте болған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммит аясында кездескен еді. Президент сол кезде Шарль Мишельді Қазақстанға шақырған болатын.

Еуропалық кеңес президенті Қазақстанға шақыртуды Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы қарашада Брюссельге ресми сапары кезінде де алған. Бірақ ол уақта континенттегі геосаяси ахуал қазіргідей тұрақсыз емес еді...

Енді екі жақта да мүдде бар. Мұны Шарь Мишельдің «қазіргі жаһандық жағдай ЕуроОдақ пен Орталық Азияны жақындастырды» дегенінен-ақ байқауға болады. ЕуроОдақпен қарым-қатынасты нығайту біздің тарапқа да маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығын атап өттік. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда өте өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ, Еуропалық Одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» қолдау мүмкіндігін қарастырдық.

Президент Шарль Мишель де Еуропаны Қытаймен байланыстыратын осы балама жолды меңзеп, «Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы өңірлік көлік торабы саналады» деді. Ол Каспий теңізі арқылы өтетін осы Орта дәлізді дамыту мәселелері ендігі айда Самарқандта өтетін конференцияда тағы да пысықталатынын айтты.

Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Еуропа – ең үлкен тұтынушы нарығы, Қытай – ең ірі өндіруші нарық. Осы уақытқа дейін Еуропа мен Қытай арасындағы тауар тасымалының біршама бөлігі Ресей арқылы өтетін. Енді Еуропа үшін Қытаймен байланыстыратын альтернативті маршруттар керек. Ойға келетін бірден-бір маршрут ол – Каспий теңізі арқылы маршрут.

Тараптар Еуропа санкцияларының Қазақстан экономикасына ықпалын болдырмау мәселесін талқылады. Шарль Мишель ЕуроОдақ санкциялары үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын растады. Әрі халықаралық санкциялардан жалтаруға және оны айналып өтуге жол бермеу маңызды деді.

Шарль Мишель, Еуропалық кеңес президенті:

Менің сапарым Еуропа мен жалпы аймақ үшін күрделі кезеңді өтіп жатыр. Ресей халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын өрескел бұзуды жалғастырып келеді. Біз Ресейдің агрессиялық соғысын айыптаймыз және Украинаны қолдауды өзімізге міндет санаймыз. ЕуроОдақтың Ресейге қарсы санкцияларының азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысы жоқ екенін айта кеткім келеді.

«ЕуроОдақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі» деді Қ.Тоқаев. Биылғы 8 айда Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы 43 пайызға өсіп, 26 миллиард долларға жетіпті. Ал 30 жыл ішінде біздің елге Еуропадан тартылған инвестиция көлемі 160 миллиард доллардан асқан. Осы жолы Қазақстан Үкіметі мен Svevind компаниясы «жасыл» энергетика саласындағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. Жоба құны – 50 млрд доллар.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Маңғыстау облысында сутегін өндіретін жел және күн электростанциялары салынады. Ол сутегі негізінен экспортталады.

«Жасыл» энергетиканы дамытқысы келетін Еуропа сирек кездесетін металл кеніне мұқтаж. Сол үшін олар Қазақстанға қаражат құюға дайын дейді біз сұхбаттасқан сарапшы.

Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Жасыл энергетиканы дамыту үшін инфраструктуралар керек. Ал сол инфраструктураны құру үшін металдар керек. Литий, мыс өте көп көлемде керек. Ол металдар аймақта бар. Біз соны ұсына аламыз. Осының бәрін ескере отырып біз қазір Еуропаның ОА-ға деген қызығушылығы артып отырғанын көріп отырмыз.

Осындай қызығушылықтар итермелеген шығар, сол күні Астанада алғаш рет Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық кеңес президентінің саммиті өтті.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:

Америка плюс ЦА, Южная Корея плюс ЦА, Япония плюс ЦА, скоро наверное уже Пакистан плюс ЦА, Индия плюс ЦА, кто остался еще?

Бұл Тәжікстан президентінің екі апта бұрын өткен «Орталық Азия – Ресей» саммитінде айтқаны. Расында, жыл басында «Орталық Азия – Қытай», «Орталық Азия – Үндістан» саммиттері өткені белгілі. Ал АҚШ біздің аймақпен «5+1» форматында диалог жасайды. Енді ЕуроОдақ қосылды. Негізі Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында мұндай формат 2007 жылдан бері бар еді. Бірақ ол Сыртқы істер министрлерінің деңгейіндегі платформа болатын.

Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Бұл платформа басқа платформалар сияқты платформа. Бірақ айта кететін нәрсе, геосаяси ойыншылардың арасында тек Еуропа ғана Орталық Азияны тұтас аймақ ретінде қарастыратын ұстанымы бар ойыншы. Басқа ойыншылар, иә, ОА деп атайды, бірақ көбінесе әріптестікті жеке-жеке мемлекеттермен құрады.

Еуропалық одақ Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық орнатқалы 30 жылдан асқан. Ал 2007 жылы алғаш рет ЕуроОдақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы қабылданды. 2019 жылы осы құжат жаңартылған еді. Саммитте Қазақстан Президенті «Азия мен Еуропа құрлықтары шектесетін жерде орналасқан Орталық Азия геосаяси орталықтар мен әлемдік нарықтар арасындағы байланыстырушы көпір саналады» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлем жылдам өзгеріп жатыр. Орталық Азия бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленістен туындаған қауіпті сезінеді. Осындай күрделі кезеңде Орталық Азия мен Еуропада орналасқан елдердің арасына қабырға емес, көпір салуымыз керек.

Еуропа үшін аймақтың маңыздылығы арта түсті дейді сарапшылар. Ресейдің мұнай-газынан бас тартқандықтан олар энергетикалық дағдарыс алдында тұр дейді.

Жан Көшербаев, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің аға оқытушысы:

Еуропалық одаққа баламалы энергия көздерін табу өте маңызды. Қазақстанның 70 пайызға жуық мұнайы Еуроодаққа тасымалданады. Бірақ Еуроодақтың импортының көлемінде бұл 6-ақ пайызды құрайды. Мүмкін осы Еурокеңестің төрағасы мұнай жеткізу көлемін көбейтуге деген талпынысы шығар.

Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Бірақ осы аймақтағы энергоресурстарды Еуропа нарығына қалай жеткізу керек деген үлкен мәселе. Бұл жерде тікелей келіссөздер, техникалық шешімдер керек.

Тағы бір сарапшы теңгерім саясатын жүргізе отырып, көрші орналасқан негізгі серіктестермен байланысты үзбеу керек дейді. Әйтпесе олар жасалған келісімдердің іске асуына кедергі келтіруі мүмкін дегенді айтады.

Раушан Елмұрзаева, Л.Гумилев ат. ЕҰУ Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры:

Халықаралық қатынастарда қайбір ресми сапар болса да, ол міндетті түрде үлес қосуы керек, екі мемлекеттің немесе екі ұйым арасындағы, екі аймақ арасындағы қарым-қатынастарға. Бірақ іске асыру мүмкіндіктері, нәтижесі бола ма, нәтижесіз аяқтала ма – ол да өте қызық сұрақ. Біз нені ұмытпауға тиістіміз? Еуроодақ өте алыс орналасқан біз үшін. Сондықтан біз міндетті түрде өзіміздің көршілерге назар аударуға мәжбүр боламыз.

Еурокеңес президенті Қазақстандағы іс-шаралардан соң Өзбекстанға аттанды. Онда да тараптар өзара сауда байланысын ұлғайту үшін көлік бағдарларын, оның ішінде Транскаспий дәлізін дамытуды талқылаған.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу