Елімізде мультипликатор мамандар тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мультипликатор мамандар тапшы

28.10.2022

Жарты ғасырда екі жүзге жуық отандық мультфильм түсірілсе де, қазақ тілінде шығатын туындылар аз. Мультипликаторлар тапшы. Бұған қоса, кинокартина өндірісін жүйелеу қажет. Бүгін Алматыда қазақ анимациялық кино өнеріне 55 жыл толуына орай ашық есік күні өткізіліп, саладағы осы сынды өзекті мәселелер сөз болды.

Галина Дусенко - 1967 жылы жарыққа шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты алғашқы отандық мультфильмнің авторы әрі суретшісі. Оның сөзінше, бүгінде қазақстандық мультипликациялық жобаларға жақсы көңіл бөлінуде.

Галина Дусенко, суретші-аниматор:

Осыдан жарты ғасыр бұрынғы мультфильм өндірісі мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Техника дамыды, қолмен сурет салынбайтын болды. Шығармашылық ұжымда жауапты жас мамандар көбейген. Көріп, көз қуанды.

Солай көрінгенімен, салада маман тапшы,- дейді шығармашылық ұйым жетекшісі. Себебі, жұмыстың жалақысы аз. Мәселен,1 секундтық анимацияны жасап шығу үшін 24 сурет салынады. Яғни, мультипликторлардың қызметі ауыр, ыждаһаттылық пен төзімділікті талап етеді.

Жәнібек Оразалы, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:

Мысалы үшін сіз шәй ішіп отырып анимациялық фильм қараған кезде сол жерде көрсететін 6 секунд жұмысты бір маман бір апта бойы отырып істеген болуы мүмкін. Маман тапшы дейтін себебіміз - өйткені, анимациялық кино саласында дұрыс қолдау болмағаннан кейін олар еңбекақысы аз болатын болса, ондай жұмыстарды жасағысы келмейді.

Мультфильм өндірісіндегі тағы бір қордаланған мәселе - жүйенің жоқтығы. Туындыны шығармас бұрын көркемдік ұйым кеңесінен өтуі қажет,- дейді ардагер-киноматографист.

Қайырғали Қасымов, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі, режиссер-мультипликатор:

Көркемдік ұйымды дұрыстау керек. Оның ішіне балалар жазушылары, филологтар, драматургтар соларды кіргізіп, сонда біздің көркемдік жетекші біздің ұлттық идеологияны солар тартады. Ал біз, режиссер-мультипликатор - орындаушымыз.

Жыл соңына дейін қазақ тілінде 20 мультфильм жарыққа шығады

Дегенмен, биыл мемлекет бұл мәселелерді реттеуді қолға алған. 1 миллиард теңге бөліп, сценарийлер конкурсы жариялады. Сөйтіп, 20 жоба өндіріске жіберліді. Қазақ тіліндегі мультфильмдер жыл соңына дейін жарыққа шығады.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу