Алматыдағы тұрғын үй кешенінде жылу мен ыстық су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы тұрғын үй кешенінде жылу мен ыстық су жоқ

27.10.2022

Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан тұрғын үй кешенінде - екі айдан бері ыстық су жоқ. «Күн суытқалы қашан, әлі күнге дейін жылу да берілмеді» дейді тұрғындар. Мердігер компаниядан мардымды жауап ала алмаған азаматтар енді қала әкіміне шағымдануға бекінген. 

Айгүл Әбілқайырова жаңадан бой көтерген кешенге осыдан екі ай бұрын қоныстанған. Бүгінге дейін бірде-бір рет ыстық су берілмеген, жуыну үшін туыс жағалап кетеміз дейді.

Айгүл Әбілқайырова, қала тұрғыны:
Ең болмағанда жылыту маусымы басталғанда ыстық су беретін шығар деп үміттендік. Міне, қазан айы бітті, әлі күнге суық сумен отырмыз. Мектепте оқитын ұлым бар. Шомылдырып, киімдерін жууым керек. Қашанға дейін шыдаймыз? Мердігер компаниядан қайыр жоқ.

Оған қоса тұрғын үй әлі күнге жылу жүйесіне қосылмаған. Күн райы күрт суытқандықтан, тұрғындар жылытқыштарды пайдалануға мәжбүр. Кесірінен ай сайынғы коммуналдық қызметтер құны өсіп, онсыз да айына 200-300 мың теңге ипотека төлейтін отбасылар тығырыққа тірелген.

Жанель Дәубаева, қала тұрғыны:
Біз күніне сағаттап газ плитасымен су жылытамыз. Үйдің іші суық. Зейнеттегі анам сырқаттанып қалды. Біз көп нәрсе сұрап жатқан жоқпыз. Тек ыстық су мен жылуды қосып берсін.

Ал, мердігер компания өкілдері тұрғын үй кешені кезең-кезеңмен қолданысқа беріліп жатыр, проблема тез арада шешіледі деп отыр. Ал, осы кезге дейін ыстық су мен жылудың болмауын былай түсіндірді.

Нұржан Рахым, мердігер компанияның өкілі:
Тұрғын үй аумағындағы құбыр салу жұмыстарын созып алдық. Өйткені, техникалық қателіктер болды. Қазір шаруаны аяқтадық. Алдағы күндері соңғы тексеріс жұмыстарын жүргіземіз. Кешен ыстық суды қосуға дайын.

Мердігер компания өкілдері келер апта жылуды да қосып береміз деп уәде етті. Бірақ, тұрғындар олардың сөзіне сенімсіздік танытып отыр. Егер келесі апта мәселесі шешілмесе, 30-ға жуық жанұя бірігіп, қала әкіміне шағымданбақ.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу