Бүгін «Балдәурен» ән байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Балдәурен» ән байқауының жеңімпаздары марапатталды

21.10.2022

Қазақтың ән қоржыны тағы 5 әнмен толықты. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы композиторлар мен ақындар арасында балалар әніне байқау жариялаған. Бүгін сол «Балдәурен» ән байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Бұл байқаудың жөні бөлек. Өйткені, тәуелсіздік жылдарында балаларға арналған ән жазатындардың конкурсы мүлде болмаған. Тұңғыш рет «Қазақстан» корпорациясы қолға алып отыр. Бүлдіршіндер өзге тілдің әуенімен өсіп жатыр. Өйткені, қазақ тілінде жазылған балалар репертуары өте аз. Бұл шара осы кемшіліктің орнын толтырмақ.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

«Қазақстан дауысы. Балалар» атты үлкен республикалық жобаны өткізгеніміз барлықтарыңызға белгілі. Сол кезде үлкен қиындыққа тап болдық. Жаңадан жазылған, соңғы жылдары жазылып жатқан балалар әндері жоқтың қасы. Бүгін міне, осындай сайыстардың арқасында олқылықтың орны толады деп сенеміз.

Байқау сазгерлер мен ақындар арасында зор қолдау тапты. 60-қа жуық автордан 100-ден аса ән келген. Қазылар алқасы оларды іріктеп, 5 әнді үздік деп тапты. Қалғаны да тасада қалмайды. 100 ән болашақта балалардың орындауында жарыққа шығады.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қазылар алқасының мүшесі:

Кейбір өлеңдердің өлеңі жақсы, әні төмен болды. Кейбір әндердің әні жақсы, өлеңі төмен болып жатты. Әні мен өлеңі бір-біріне сай келмей жатса, сынық қанат құс сияқты. Самғап ұшып кете алмайды. Әннің өлеңі де әдемі болуы керек, әуені де әдемі болуы керек. Шынын айтқанда оларды таңдау оңай болмады. Жаз бойы аз жұмыс істеген жоқпыз бұл мәселе жөнінде.

Үздік әндерге «Қазақстан» телерадиокорпорациясы арнайы бейнебаяндар түсірді. Клиптер жақында «Qazaqstan» және «Balapan» арналарының эфирінен көрсетіледі. Балалар жылында бұл жас өркенге корпорация тартуы. Ал байқау болашақта жыл сайын өткізеледі.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу