Мәжіліс депутаттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады

19.10.2022

Жаза басқандарға жаңа мүмкіндік. Мәжіліс депутаттары бүгін «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бірақ, оған қылмыс жасағандардың бәрі ілікпейді. Мемлекет мейіріміне кімдер бөленбек?

Бұл заң жобасы – ізгілік құжаты іспетті. Қаңтардың 4-і мен 7-і күндері жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандарға рақымшылық жасауды көздеп отыр. Бірқатары қылмыстық жауапкершіліктен босайды, басқаларына жаза мерзімі қысқарады.

Гүлнар Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ауырлығы аз орташа қылмыстар үшін жазадан босату ескерілген. Ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстарға мерзімнің жартысы қысқарады.

Бірақ, бұл жеңілдіктің қаңтарда ойран салып, қанды қырғын жасағандарға қатысы жоқ. Яғни, террористер мен экстремистер, тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар тиісті жазаларын алады. Рақымшылыққа қасақана емес, абайсызда қылмыс жасағандар ғана ілігеді. Нақтырақ айтсақ, тәртіпсіздікке қатысқандар мен ұрлаған, тонағандар. Ал лауазымын асыра пайдаланып, азаматтарды азаптаған күштік құрылым қызметкерлеріне де рақымшылық жоқ. Заң жобасында бұл мәселе де ескерілді. Өйткені, азаптау бойынша ондаған адам зардап шекті, алтауы қайтыс болды. Ұсталғандарды қорлағандардың 17-і полиция, 12-і ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері.

Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурордың орынбасары:
Бір іс сотқа кетті, 5 іс 23 адамға қатысты аяқталды. Оның материалдарымен қазір айыпты адамдар танысып жатыр. Тағы 11 іс тергеу барысында.

Абайсызда адам өлтіргендердің ісіне қатысты мәселе әлі пысықталып жатыр.

Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ол мәселе жөнінде сұрақ әлі ашық. Сол себептен бұл сұрақты екінші оқылымда қарап жатқан жұмыс тобына айтуға болады. Адам өлімі болғаннан кейін қатаң шара болу керек қой.

Ал кей депутаттар заң жобасын қолдаудан бас тартты.

Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мен қолдай алмадым. Өйткені маған түсініксіз жерлері болды. Сондықтан мен қалыс қалдым.

Дегенмен, депутаттар ізгілік құжатын 1-оқылымда мақұлдады. Заң күшіне енсе, онда көп ұзамай 1,5 мыңға жуық сотталғандар босатылады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу