Сыр өңірінде Республика күні мерекесі кең көлемде тойланбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде Республика күні мерекесі кең көлемде тойланбақ

18.10.2022

Сыр өңірінде Республика күні мерекесі кең көлемде тойланбақ. Облыс бойынша онға жуық жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бүгін соның алғашқысы Жаңақорған ауданында заманауи демалыс саябағы ашылды.

Аудан орталығына ерекше сән берген демалыс саябағы жеке кәсіпкердің қаржысына салынды. Жоба құны 800 миллион теңге. Әзірге, мұнда үлкен үш атракцион іске қосылды. Ойын-сауық алаңында ығы-жығы адам. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін мәз-мейрам. Облыс әкімі жаңа нысанды аралап, көптің қуанышымен ортақтасты.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Өте дұрыс мұндай нысандардың салынғаны. Облыстың орталығына, ауданның орталығына, қаншама халық жүр қазір рахаттанып. Көбейту керек мұндай нысандарды. Тағы да бизнесмендерді тарту керек.

Бұл ұлттық мереке Республика күніне жасалған игі бастамалардың бір парасы ғана. Соның аясында биыл балалар жылына тарту ретінде 67 спорттық ойын-сауық алаңы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қаладағы қоғамдық көліктердің қатары су жаңа 40 автобуспен толығады.

Нұрымбет Сақтағанов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
Мереке қарсаңында Қызылорда қаласында 300 орындық жеке балабақша, Жалағаш ауданында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі. Және Таң ауылында дәрігерлік амбулатория, Арал ауданы Қамыстыбас елді мекенінде дене шынықтыру сауықтыру кешені ашылады.

Жалпы алдағы апта облыс көлемінде бес бағыт бойынша ауқымды мерекелік шаралармен жалғаспақ. Сырдың төрінде от ауыз орақ тілді ақындар ой толғап, эстрада жұлдыздары гала концертте өнер көрсетеді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу