Осы аптада Астанаға 11 мемлекеттің басшылары мен 50-ге жуық делегат келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Астанаға 11 мемлекеттің басшылары мен 50-ге жуық делегат келді

16.10.2022

Бір апта ішінде Астанаға 11 мемлекеттің басшылары мен 50-ге жуық делегат келді. Президенттердің екіжақты кездесулерінен бөлек, үш бірдей үлкен жиын өтті. Пандемия басталғалы мұндай ауқымды шараларды ұмытқан едік. Енді атауы қайтарылған Астана бітімгерлікке, бірлікке үндейтін диалог алаңына айналды... Президенттерді қарсы алу рәсімі мен жоғары деңгейдегі жиындардың барлығын дерлік Ұлттық арна тікелей эфирде трансляциялады. Ал біз ең негізгілерін сараласақ...

Алдымен Ақорда Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Таниді қарсы алды. Қазақстан мен Қатардың келісімдері, олардың экономикалық әсері жайлы сюжетті кейін береміз. Қазір Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның сапарына тоқталсақ. Ердоған соңғы рет Астанаға 2017 жылы келіпті. Яғни, 5 жыл бұрын. Қазір әлем 5 жыл түгіл, 5 күннен кейін өзгеріске ұшырап жатады. Сондықтан бұл жолғы кездесулерде де басты тақырып «тұрақсыздық» болғаны – заңдылық. Режеп Тайып Ердоған «...бауырлас Қазақстанның тұрақтылығына, бейбітшілігіне және егемендігі мен территориялық тұтастығына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз», - деді. Сөз иесін табуы тиіс. Қалай дегенмен, Түркия НАТО-ға мүше мемлекет екенін әрі Ердоғанның халықаралық аренадағы саяси салмағын ескерсек, бұл - Қазақстанға көз алартқандар үшін үлкен сигнал.

Ал «Орталық Азия - Ресей» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев «кейбір елдерде серіктес мемлекеттер басшыларына қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүргенініне» өкінішін білдірді. Иә, түрлі ұйымдарға мүше бола отырып, серіктес республикалар соңғы уақытта ортақ мүддені ұмытып кете беретіндей. Мәселен, ТМД, аты айтып тұрғандай: Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы. Бірақ осы ұйымға мүше елдердің кейбірі әлі күнге дейін жер дауында шешімге келе алмай жүр. Тоқаев соларға қаратып былай деді: «Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс».
Әлемнің күн тәртібіндегі ең негізгі тақырып: Украина тағдыры. Қазақстан да, Түркия да бұл соғыстың тезірек аяқталып, тараптарды дипломатиялық жолмен татуластыруға мүдделі екенін талай рет мәлімдеді. Әсіресе Ердоған келіссөздер ұйымдастыруға талпынып жүр. Сондықтан Астанадағы кездесуде түрік басшысы Ресей президентімен осы мәселені талқылауы тиіс, деп жаһан тағатсыздана күтті.Түркия президентінің Астанаға сапары мен жоғары деңгейдегі жиындарға куә болған әріптесім Данияр Қайыртайдан барлық детальді сұрап білейік.

Альбина:
Данияр, кеш жарық. Саяси аптаны бастан-аяқ бақыладың. Бірақ Ердоған мен Путиннің кездесуі БАҚ үшін жабық болғанын айттың. Бізге белгілісі: екіжақты келіссөздер бір жарым сағатқа созылыпты.

Данияр:
Иә, бұл кездесуге журналистер кіре алмады. Сондықтан Ердоған мен Путиннің не туралы сөйлескенін интернеттен ғана оқып біле алдық. Әлемдік ақпарат құралдары да кездесу туралы Кремль сайты жариялаған материал мен Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдемесіне сүйеніп жазған. ВВС, Еуроньюс агенттіктерінің хабарлауынша, олар Украина бидайы мен Ресей газын тасымалдауды реттеу мәселелерін көтерген. Ал Украинадағы соғыс талқыланбады, деп БАҚ Дмитрий Песковтың жауабына сілтеме жасаған .

Альбина:
Бір сөзбен айтқанда, бұл қыры мен сыры көп үлкен саясат қой. Данияр, енді Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапарына тоқталсақ. Тоқаевтың әуежайға барып түрік басшысын өзі қарсы алғанын көрдік. Бірі президенттердің туыс тілдерде сәлемдескеніне сүйсінсе, енді бірі мамырда Түркияда болған үстел теннисінің партиясы Астанада да жалғасқанына қызықты. Мына суреттерді дипломатиялық диалогтың көрінісі деуге болады екен. Ал өзің Ақордадағы кездесулерден не байқадың?

Данияр:
Режеп Тайып Ердоғанды қарсы алу сәті мемлекеттік сапардың протоколына сай сән-салтанатпен өтті. Одан кейін президенттер келіссөз жүргізіп, Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің IV отырысын өткізді. Бірлескен мәлімдеме жасап, журналистерге брифинг те берді. Осылардың бәрінен маған ерекше көрінгені: Тоқаев та, Ердоған да бірін-бірі «бауыр» деді. Мәселен, Қатар әмірімен сөйлескенде Қазақстан президенті «досым» сөзін қолданды. Жалпы, Ақордада сол күн мәртебелі меймандарды қарсы алумен өтті. Президент таңертең Қатар әмірін қабылдаса, түстен кейін Түркия президенті келді. Бұл уақытта Азия кеңесіне қатысу үшін басқа елдер президенттерінің борттары Астана әуежайына қонып жатты.

Альбина: Ендеше сюжетіңді көрейік.

Халықаралық деген тіркес қосылатын оқиғаларға толы күндер Қатар әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің мемлекеттік сапарынан басталды.

Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни монархиялы мемлекеттің төртінші әмірі. 2013 жылы әкесі Хамад бен Халифа Әл Тәни биліктен бас тартқан соң таққа отырған. Қасым-Жомарт Тоқаев шейхтің әкесімен де таныс.

1997 жылы Сыртқы істер министрі кезінде Қатарға барып, алғаш екі ел арасындағы әріптестіктің негізін қалаған. Осыдан соң мемлекеттер басшылары бір-біріне сапарлай бастайды. Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің өзі Қазақстанға екінші рет келіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қатар – біз үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес. Себебі Доха біздің әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларымызға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті.

Қатар, Доха /21.06.2022 ж./
Осыдан төрт ай бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар экономикалық форумына қатысу үшін Дохаға барған еді. Қатар әмірі қолқалаған соң Президенттің жоспардағы кестесінен тыс сапар болғаны айтылған, сонда. Сол форум аясындағы кездесуде Шейх Қазақстанға мемлекеттік сапар жасауға ұсыныс алған болатын.

Тәмим Бен Хамад Әл Тәни, Қатар Әмірі:
Маусым айында Дохада өткен экономикалық форум кезіндегі бірқатар уағдаластықтарды бүгін талқылаймыз. Бұл келісімдердің мақсаты – бірнеше салада ынтымақтастықты дамыту.
Ынтымақтастықты дамыту үшін сол күні Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған да мемлекеттік сапармен келді. Протоколға сай барлық сый-құрмет көрсетілді.

Түркия, Анкара /10.05.2022 ж./

Түркия Президентінің күзде Қазақстанға сапарлайтыны мамыр айындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға мемлекеттік сапары кезінде белгілі болған. Айтпақшы, сол кезде Ердоған Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің қолын алып тұрып, жасын сұрап, әзілдеген еді. Бұл жолы Қазақстан министріне аса мән бере қоймады. Бірақ көктемде Түркияда айтқан риторикасын осы жолы тағы қайталады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Тарихы терең, мемлекеттік тәжірибесі бар, бауырлас Қазақстанның тұрақтылығына, бейбітшілігіне, егемендігі мен территория тұтастығына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз.
Ердоған осы сөзбен шектеліп қалмай, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ықпалдастық артатынын да айтып қалды. Нақты қандай өндірісті меңзеп отырғанын Индустрия министрінен анықтап көрген едік, ашып айтқысы келмеді...

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Әскери өндіріс ерекше сала ғой. Сол себепті қазіргі күні үндемей-ақ қояйыншы.
Әскери салаға басымдық берілгенін Қ.Тоқаев та сөз арасында атап өтті. Бірақ анық-қанығына тоқталмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әсіресе әскери салада ынтымақтастығымыз арта түсті. Былтыр екі елдің өзара саудасы 33 пайызға артып, 4 млрд доллардан асты. Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің бірі.
Әскери ынтымақтастық дегенде, бұған дейін хабарланған Anka ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру туралы уағдаластық айтылып отыруы да мүмкін. Пилот көмегінсіз ұшатын Anka аппараты Түркияда 2013 жылдан бері өндіріліп келеді. Барлауға және шабуылдауға арналған аппарат бірнеше соғыста сыналған.

Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
Түркия әскери жағынан да Қазақстанға қолдау көрсетеміз, көмек береміз дегенді ашық түрде айтты. Қазір Түркияның Байрақтары, АНКА-сы әлемде өте жоғары бағаланады. Сондықтан Түркия президентінің Қазақстанға қатысты осындай сөз айтуы Қазақстанның тұрақтылығына кепілдік береді деген сөз.
Осындай кепілдік беру мәніндегі сөзді бұған дейін Қытай төрағасы Си Цзиньпин де, АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілдері де айтқан. Түркия басшысы, міне, екінші рет мәлімдеме жасады. Бірақ ондай сөзге сеніп, сыртқы саясатта шалыс қадам жасауға болмайды дегенді айтады сарапшы.

Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Бірақ ол кепілдік қаншалықты жұмыс істейді 100 пайызға белгісіз. Бізге ондай кепілдікке сенбей өз саясатымызды жүргізген дұрыс. Қазақстандағы халық қазір Украинадағы жағдайды көріп, оны өзіне проецировать етіп көріп жатыр. Сондықтан осындай жағдайда Эрдоғанның сөздері Қазақстан халқына жақсы естіледі.
Ресейдің Орталық Азияға ықпалы азайып жатқан тұста вакуумды Қытай толтыратыны даусыз деп жалғастырды халықаралық саясат сарапшысы. Сондықтан аймақта Түркияның рөлі артуына өзіміз де мүдделіміз дейді.

Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Орта Азияға ең үлкен әсері бар ел Қытай болып саналады. Сол Қытайдың әсерін балансировать ету үшін Анкарамен байланысты дамытамыз. Анкара тек Қазақстан үшін емес, Орта Азиядағы елдердің бәріне контрбаланс болып саналады.
Екі елден келген қонақтармен мемлекеттік сапар аясындағы кездесулер аяқталған тұста, Астана әуежайына Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстан, Иран президенттері мен Қытай төрағасының орынбасары мінген ұшақтар қонып жатты. Ертеңінде Ресей басшысы В.Путин де келді. Оларды Премьер-министр Әлихан Смайылов күтіп алды. Бәрі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-шы саммитіне қатысу үшін келді.

Данияр Қайыртай



Хабарламаларға жазылу