Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың мерейтойы Алматы облысында аталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың мерейтойы Алматы облысында аталды

13.10.2022

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың туғанына - 100 жыл. Осыған орай ұлт перзентінің мерейтойы Алматы облысында аталды. Шара барысында Үйсін тауынының бөктерінен Шалкөде жайлауына өтетін асуға «Асанбай асуы» атауы ресми беріліп, белгі тас орнатылды.

Асанбай Асқаровтың мерейтойын Қарадала алқабында атап өту кездейсоқ емес. Қайраткер Алматы облысын басқарған жылдары малшылар үшін Шонжы мен Нарынқол ауылдарын жалғайтын тау асуына төте жол салынды. Осылайша ел аузында «Асанбай асуы» аталып кеткен өткел алысты жақындатты.

Құралбек Бекмұхамбетов, Ұйғыр аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:

Соған кезінде 11 шаруашылық баратын. 6 шаруашылық Райымбек ауданынан, 5 шаруашылық осы Ұйғыр ауданынан. Сол шаруалар Кеген арқылы 300 шақырымдай айналып баратын. Ал мына асу ашылғалы ары кетсе 30-35 шақырым.

Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен конференцияда алдымен «Асанбай Асқаров жайында естеліктер» кітабы таныстырылды. Туындыда қайраткердің шығармалары, қанатты сөздері мен сұхбаттары жинақталған. Шараға қатысушылар Асанбай Асқаров жайында естеліктер айтып, адами қасиеттері жайлы пікір білдірді.

Нұрлан Оразалин, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Асекеңнің кейінгі ұрпаққа қалдырған үлгісі, өнегесі өте мол. Соның ішінде менің көкірегімде жүрген қайраткер бітімді, ойы терең, парасаты кең ХХ ғасырдың санаулы тұлғаларының бірі. Кешегі Алаш арыстарының жалғасы секілді. Білімі, парасаты жөнінен.

Асанбай Асқаров басқарған жылдары Алматы облысы қарқынды дамып, барлық сала өркендеді. Қапшағай су қоймасы салынды. Нысан елдің оңтүстік өңірлерін электр энергиясымен қамтамасыз етті. Сор далаға нәр жүгіріп, егістік алқаптары ұлғайды. Бұл қайраткер еңбегінің бір парасы ғана.

Мерейтоға қатысушылар шара соңында Ұйғыр ауданының бір көшесіне Асанбай Асқаровтың есімін беруді ұсынды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу