Жетісу облысында транзиттік жүк 12%-ға артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында транзиттік жүк 12%-ға артты

13.10.2022

Президент тапсырмасынан кейін Жетісу облысындағы «Қорғас», «Алтынкөл», «Нұр Жолы» кеден бекеттерінде тәртіп қалпына келіп, жұмыс жанданды. Басшылары ауысып, кейбір лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Тоғыз айдың қортындысы: бір ғана «Алтынкөл» темір жол кеденінде транзиттік жүк айналым 12 пайызға өскен.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы кеден бекеттерінде жүк айналым көлемі артып келеді. Биылдың өзінде транзиттік жүк өткізу 12 пайызға өскен. «Алтынкөл» темір жол кеден бекетінің әлеуетін мен Қуаныш Қанатұлы бағамдап көрдім.

Көрші елден келген жүкті тексеру жұмыстары барлық кеден бекеттерінде автоматтандырылған. Мамандар сканерлеу арқылы қандай тауардың өтіп жатқанын қашықтан бақылап отырады. Тек күмәнді жүк қана қолмен жіті тексеріледі. Онда да кеденшілердің жұмысын мамандар арнайы камера арқылы тікелей Астанадан бақылайды. Ал кеденшілер жүктің құжатта көрсетілген мәліметтерге сай екенін қадағалайды.

Дәулет Смайылов, Алтынкөл кеден бекетінің бас маманы:

Бізде жетон бар, әр қызметкерде болады. Ол арқылы Астанада бақылап отырады бізді. Ол процесте біз қосамыз жетонды. Сол жетонмен жүргіземіз. Тексеріс кезінде онлайн жетонмен жүргіземіз.

Күмән расталса әкімшілік хаттама толтырылып, жүк тәркіленеді. Биылдың өзінде тексеруге қойылған 1500-ге жуық вагонның 899-нан кеден тәртібін бұзу фактілері анықталды.

Бекен Нұрахметов, Алтынкөл кеден бекеті басшысының орынбасары:

569 млн теңге қосымша кедендік төлемдер өндірілді. Сонда мысалы, айтайық төлем бір контейнерден 6 млн теңге кедендік төлем өндірілсе, қосымша тексеру нәтижесінде әр контейнерге мысалы 644 мың теңге қосымша салынып отырды. Бұл енді кедендік әкімшілік жұмыстың жақсарғанын көрсетеді.

Биыл сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасындағы құрғақ порттың жүк өткізу қуаты екі еселенді. Жуырда мұндағы екінші жүк өңдеу алаңы іске қосылып, айлақтан күніне 19 жүк пойызы өтетін болды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу