Алматы облысында 1500-ден астам бала онлайн форматта оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 1500-ден астам бала онлайн форматта оқуға мәжбүр

11.10.2022

Алматы облысында 1500-ден астам бала онлайн форматта оқуға мәжбүр. Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы жалғыз мектеп күрделі жөндеуге жабылған. Ал, оқушылардың сапалы білім алуына ешқандай жағдай жасалмаған. «Ұл-қыздарымызға ватсап арқылы сабақ өтеді» деген ата-аналар тиісті мекемелерден қайыр жоқ деп отыр. 

Нұржәмилә Додаеваның екі ұлы бар. Үлкені 3 сыныпта оқыса, кенжесі биыл мектеп табылдырығын аттаған. Айтуынша, күнделікті сабақ түскі бір жарымда басталады. Өзі жұмыста болғандықтан балаларды қадағалайтын ешкім жоқ.

Нұржәмилә Додаева, ауыл тұрғыны:
Бірінші қыркүйектен бастап осылай онлайн форматта оқып жатырмыз. Өздеріңіз көргендей ватсаппен апайы тапсырма жібереді, оны қасында қадағалап қарап отырмасаң балаға қиын. Онлайн формат ол білім болмайды. Өте қиын. Баланың көзіне де зиян. Мұғалім оқытқандай болмайды.

Амал нешік, Гүлдаладағы жалғыз мектеп күрделі жөндеуге жабылған. Ал, оқушыларды Панфилов, Қызылту сынды көрші ауылдарға апарып әкелетін автобустар бөлінуі керек болған. Оқу жылының бір жарым айы өтсе де, бұл түйткіл шешімін таппапты.

Айгүл Наурызбаева, ауыл тұрғыны:
Онлайннан шаршадық. Шаршағаннан бұрын мен өзім баланы оқыта алмаймын ондай форматта. Денсаулығым нашар. Бала сезіне алмайды. Сол үшін бізге автобус керек.

Балалар үшін қоғамдық көліктің бөлінетіні айтылып, тапсырманың әлі күнге орындалмау себебін аудандық білім бөлімінің басшылары былай түсіндіріп отыр.

Ләззат Құрманбаева, Талғар ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Біз осымен конкурсты төртінші рет беріп жатырмыз. Бірінші конкурста жеңімпаз атанған жеке кәсіпкер тасымалдаудан бас тартты. Екінші конкурста талапқа сай болмағандықтан бас тартылды. Үшінші конкурста дәл сондай жағдай болды. Төртіншісінде қазіргі жеңімпаз анықталып отыр.

Мектеп директоры да ата-аналардың талабы орындалатынын растады. Енді тоқсан бойы қашықтықтан оқытылған оқушылар қатарластары секілді мектеп қабырғасында білім алады.

Қуан Айтбаев, №21 орта мектептің директоры:
Бүгін түстен кейін маған автобустар паркінен келеді. Сол уақытта нақты автобустар саны айтылады. Бірақ, кешегі күні менің естуімше тоғыз 50 орындық автобус бөлінеді. Бізге бұл жеткілікті. Балалар үш мектепке тасымалданып оқытылады.

Бұл мақсатқа мемлекеттен 11 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Талғар аудандық білім бөлімі күні ертеңнен бастап оқушыларды тасымалдайтын транспорттар қатынай бастайды деп уәде берді. Ал, 6 ай бұрын жөндеу жұмыстарына жабылған мектеп жоспар бойынша келесі жылдың басында қайта ашылады.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу