Павлодар облысында үш жылда 10 мектеп салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында үш жылда 10 мектеп салынады

08.10.2022

Павлодар облысында үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа сапары кезінде алдағы үш жылда 10 мектеп салуға тапсырма берген болатын. Бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іске аспақ. 

Республикалық бюджеттен аймақ мектептерін жөндеуге қаржы беріліп-ақ жатыр. Биылдың өзінде «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша 9 млрд-тан астам қаржы игеріліп, 46 мектеп жөнделді. Бірақ, шешілмеген мәселе әлі де бар.

Айнұр Иманшәріпова, Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:

Қазір апаттық жағдайда тұрған мектептер жоқ. Бірақ үш ауысымды оқитын мектебіміз бар. Барлық 8 мектеп Павлодар қаласында орналасқан. Бүгінгі күні оқушылардың оқу орны тапшылығы 7 мыңнан асады.

Мәселе алдағы үш жылда түбегейлі шешіледі. Аймаққа сапарында Президент өңірде 10 мектеп салынатынын айтты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасынан бөлек, ғылыми қызметкерлерге мейлінше көмек беріледі. «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлініп, халықаралық ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға 500 грант қарастырылады. Ғылым саласын қаржыландыру жүйесі жетілдіріледі.

Шәрбәт Жұмаділова, ардагер ұстаз:

Шорманның Мұсасы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Бұқар жырау біздің өнірден болғандықтан жаңағы ол кісілердің білімге деген бүкіл жан-дүниелерімен білімді қалағандықтарынан сол жалғастық, сол сабақтастық бүгінде біздің өңірде білімнің алдыңғы қатарда екендігін, содан кейін «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығады ғой. Осы жағынан Павлодар өңірі білімді ары қарай дамытуы керек, қолға ұстауы керек дегенді біз Президенттің аузынан естідік.

Білім мен ғылымның ордасы болған өлкеде сапа төмендемеуі керек. Елімізде білім культі біржола орныққан кезде ғана Әділетті Қазақстан құру мақсатына толық жетеміз,-деді Президент.

Азамат Шаймұрат, «Ертіс дарыны» орталығының басшысы:

Павлодар облысының интеллектуалдық командасы Республика бойынша 2000 жылдан бастап пән олимпиадасы бойынша 1-орынды жеңіп келе жатыр. Біздің оқушылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері өте көп. Мысалға айтар болсақ, Қуат Есенов, Ахметов Қайрат сияқты. Бұл жаңағы «Сергек» бағдарламасын ойлап тапқан жігіттердің бірі. Қуат Ахметов қазіргі таңда «Майкрософт» фирмасында қызмет етеді.

Бала болашағы орта білім беру сапасына тікелей байланысты. Ал, ғылымның дамуы барлық салаға күш береді. Президенттің қазіргі ұрпақты ілім-білімге ұмтылуға, жаңашылдыққа жақын болуға үндеуі сондықтан.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу