Атыраудағы Құлсары қаласының халқы жылу мен ыстық суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Құлсары қаласының халқы жылу мен ыстық суға жарымай отыр

07.10.2022

Атыраудағы Құлсары қаласының халқы жылу мен ыстық суға жарымай отыр. Тығырыққа тірелген тұрғындар көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтерлеріне дербес жылыту қазандықтарын қондыруға мәжбүр. Қатерге бастарын тіккен жұрт мұндай қадамға амалсыз барғандарын айтады. 

Құлсарыдағы 232 көп қабатты үйдің 86-сы ғана орталық жылу жүйесіне қосылған. Тұрғындар оның да игілігін жөнді көре алмай отыр. Сондықтан, өздері қарекет етуге көшкен. Әр пәтердің терезесінен қылтиып шығып тұрған мұржалар амалы таусылған жұрттың қысқа қамданған түрі.

Проблема мұнымен шектелмейді. Шаһардағы тұрғын үйлердің бірде-бірі 10 жылдан бері терможаңғыртудан өтпеген. Әрі, қалада ауыз су бағасы да ұшынып тұр. Оның өзі жүктеме артқан кезде кестемен беріледі. Бір текше метр суға 185 теңге төлейді.

Гүлбаршын Махомова, Құлсары қаласының тұрғыны:
Бізде техникалық су жоқ. Осы бақшамызға талдың бәріне осы тұщы суды құямыз. Нағыз су беретін уақытында су тоқтап қалады. Қымбаттығы бар айына 5 мың теңгеге жуық шығып жатыр.

Жергілікті билік су дайындау орталығына қосымша сыйымдылығы 5 мың текше метрлік 2 су қазанын қойған. Әзірше сонымен күн көріп отыр.

Амангелді Сатыбалдиев, «Жылыой су» мекемесінің директоры:
Бұл жалғыз су көзі, оны егінге де техникалық қажеттіліктерге де барлығына пайдаланып отырмыз. Бізге қосымша тағы бір су көзі болғаны жақсы болар еді. Неге десеңіз халық саны өсіп барады.

Ал, жылуға қатысты мәселе тағы да созбалаңға түсетін сыңайлы. Өйткені, әкімдік жылуды көпқабатты үйге дейін ғана жеткізіп береміз деп қарап отыр.

Еркебұлан Аққұсов, Құлсары қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Жылу құбырларының барлығы көп қабатты үйдің жертөлелері арқылы айналдырылып тұр. Яғни, подвалға келіп тұр. Енді қалғаны тұрғындар өздері қосылу керек.

Билік коммуналдық салаға қатысты барлық түйіткілді шешу үшін – пәтер иелері кооперативін құру керек дейді. Бірақ, оған тұрғындардың 90 пайызы түбегейлі қарсы.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу