Солтүстікке «Еңбек» бағдарламасы арқылы 15 отбасы қоныс аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстікке «Еңбек» бағдарламасы арқылы 15 отбасы қоныс аударды

06.10.2022

Қазір қаладағы бір шағын ауданның өзінен бірнеше балабақшаны шертіп жүріп таңдарсыз. Ал, бүтін бір ауылда бірде бір балабақша жоқ дегенге сену қиын. Солтүстік Қазақстандағы Ильичевка ауылына бірер жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы арқылы 15 отбасы қоныс аударды. Есесіне бала саны да артқан. Балабақша атымен жоқ. Мектеп жанынан жұмыс істеп тұрған шағын орталық сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.

3 жасар Асылтас Абайдың өлеңдерін мүдірмей айтады. Мұны ол мектепте оқитын әпкелерімен бірге жаттап үйренген. Анасының сөзінше қызы балабақшаға баруды қатты қалайды, бірақ баланың тілегін орындауға әзірге мүмкіндік жоқ.

Айжан Әбділманова, көпбалалы ана:
«Отбасы банкінен» депозит ашқанбыз. Бүкіл критерийден өтіп тұрмын. Жұмыссыз, декретте отырған соң өте алмадық. Балабақшаның жоғынан. Қазір білесіз ғой жағдайларды балаларды жалғыз тастап кетуге болмайды.

Ильичевка ауылындағы мектепте шағын орталық ашылған. Бірақ мұнда балаларды 3 сағатқа ғана қабылдайды. Нысан толыққанды жұмыс істеу үшін асхана, ұйықтайтын және ойнайтын бөлмелер керек.

Қайрат Айтбаев, мектеп директоры:
90-ақ балаға арналған мектеп. Сондықтан шағын орталығын ашу үшін біз мектептің 5 кабинетін онда беру керекпіз. Сондықтан онда біздің мектебімізде балаларға оқитын жер болмайтын болады.

Ауыл тұрғындарының айтуынша ауылда балабақша ашу мәселесі 2019 жылдан бері көтеріліп келеді. Елдімекенде бос тұрған үйлердің бірін сатып алып, мектепке дейінгі мекеме ашу да ұсынылыпты. Алайда оның құжаттары дұрыс болмағандықтан жоспар жүзеге аспай қалған.

Гүлнәр Игібаева, Тайынша аудандық білім бөлімінің жетекшісі:
Елдімекенге балабақша керек. Бірақ ол тезарада шешілетін мәселе емес. Өйткені қыруар қаржыны талап етеді. Біз хат арқылы тұрғындардың өтінішін министрлікке жеткіземіз.

Қазақстанда 11 мыңға жуық мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Олар да Асылтас сынды балабақшаға барар күнді асыға күтіп жүр.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу