Атырау тұрғыны Франциядан алдырған асыл тұқымды ешкіні өз ауласында көбейтіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау тұрғыны Франциядан алдырған асыл тұқымды ешкіні өз ауласында көбейтіп отыр

05.10.2022

Атырауда қарапайым тұрғын Франциядан асыл тұқымды ешкі алдыртып, оны өз ауласында көбейтіп отыр. Шағын ферма Құлсары қаласында орналасқан. Шағын ғана шаруашылықты 4 баланың әкесі Аманжан Құсайынов отбасымен бірге дамытқан.

Аманжанның ешкі өсірумен айналысқанына 8 жылдай уақыт болды. Қазір иелігінде 50 француз альпі ешкісі бар. Тұңғыш ұлы қатерлі тері ауруына шалдыққан соң емдік мақсатта Ресей арқылы үш ешкі алдыртып, ақыры пайдасын көреді.

Аманжан Құсайынов, Құлсары қаласының тұрғыны:

Шипасы тиіп, Аллаға шүкір жақсы болғаннан кейін, көбейтуді жөн көрдік. Басқа да балаларға шипасы тиер деп. Тері ауруы кішкене қиындау ғой.

Ешкілер шетінен адамға үйірсек. Әрі ортаға тез биімделгіш. Құнарлы жеммен қоректенеді. Асқан күтімді қажет етеді. Сол үшін шаруа үйінің бір бөлігіне гидрапоника өсіруді қолға алды. Ешкілердің әрқайсысы күніне 3 литрге дейін сүт береді. Оларды Аманжанның жары Әсия сауып отыр.

Әсия Ағысова, Құлсары қаласының тұрғыны:

Лабараториядан өткізіп қарадық. Ана сүтімен тең ғой ешкі сүті. Кішкентай нәрестелер ішеді. Сиыр сүтінен ерекше. Жеген тағамына қарай, сүттің құрамын өте пайдалы.

Қажеттілікпен басталған іс – берекесі тасыған отбасылық кәсіпке айналды. Ешкі сүтінен алынатын қаймақ пен сүзбеге сұраныс мол. Ал, сары су мен иогуртқа тіпті өзге қалалардың тұрғындары тапсырыс береді. Аманжан шағын фермасын үлкейтіп, мал басын көбейткісі келеді. Оған жері тарлау болып тұр.

Аманжан Құсайынов, Құлсары қаласының тұрғыны:

Сол жерімізді шешіп берсе. Субсидия болса кішкене. Жеп-шөп жылдан жылға қымбаттап жатыр ғой. Мал басын көбейтіп, оның сүтінен балмұздақ та қай-қай нәрсені де Европаның жасап жатқан нәрсесін осы Құлсарыда да жасауға болады.

Аманжан келешекте ешкі шаруашылығын кәсіби түрде дамытуды көздейді. Ол үшін Алматыдағы ветеринариялық университетте оқитын інісін, Еуропадағы ешкі фермасында тәжірибеден өтуге жібермек.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу