Еуропа елдері шектеулерді қайта енгізіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері шектеулерді қайта енгізіп жатыр

05.10.2022

Еуропада коронавирус қайта өршіді. «Омикрон» штамын жұқтырып, ауруханаға түсушілер қатары күрт өскен. Вирустың мутацияға ұшыраған түрлеріне тосқауыл қою үшін қарт құрлық елдері сақтық шараларын қайта қолға алып, ревакцинацияны күшейтпек.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Ковид Дания, Германия мен Бельгияда күшейді. Бельгияда соңғы бір аптада індетпен ауруханаға түсушілер саны 46 пайызға көбейген. 4 адам қайтыс болды. Омикронның BA.4, BA.5 деп аталатын түрлері бүгін бір тәулікте 3 мыңға жуық адамнан анықталған. Індеттің алдын-алу үшін ел үкіметі ревакцинацияны күшейту қажет деп 22 екпе орталығын іске қосты. Тұрғындар кезексіз, кез-келген уақытта барып екпе салдырта алады. Сондай-ақ, Еуропалық комиссия вирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрлеріне қарсы Бионтек/Пфайзер компаниялары шығарған екі вакцинаны бекітті.

Германияда 14 жастан асқандарға қоғамдық көлікте, ауруханаларда қорғанышы жоғары FFP2 маскасын тағу міндеттелді. Бұрын хирургиялық маска кисе жеткілікті болатын. Елдің әуе компаниялары да жолаушылардан ұшақта бетперде тағуды талап етіп отыр. Тұрғындар ауруханаға, қарттар үйіне кіру үшін ПТР тест тапсыруы қажет. Эпидемиологтар қазанның ортасында ковид мұнан да күшейетінін айтады. Осыған алаңдаған дәрігерлер еуропалықтарды екпені, бустерлік дозаны тездетіп салдыртуға шақыруда.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу