Жеңілдетілген пайызбен тұрғын үйге берілетін несиелеу бағдарламасының шарттары өзгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңілдетілген пайызбен тұрғын үйге берілетін несиелеу бағдарламасының шарттары өзгерді

04.10.2022

Жеңілдетілген пайызбен тұрғын үйге берілетін несиелеу бағдарламасының шарттары өзгерді. Үкімет қаулысымен «Бақытты отбасы» бағдарламасынан толық емес отбасы санаты алынып тасталды. Себебі, соңғы төрт жылда пәтер кезегіне тұру үшін, өзара келісіп ажырасатындар көбейген. Сондай-ақ, бұған дейін қолданылып келген, берілетін қарыздың шекті соммасы алынып тасталды. Бағасында да өзгеріс бар.

Зеттеу нәтижелері көрсеткендей елімізде әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың 50 пайыздан астамы толық емес отбасылар. Осы санаттағы азаматтардың 35 пайызы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы пайызы төмен несие алған. Алайда, осы жобаға қатысу үшін арнайы ажырасқандар көбейді дейді, мамандар.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ төрағасы:
Отбасы құндылықтарының дамып жатқанына қарамастан, 2017 жылы 54 626 ажырасу тіркелген. Ал, 2018 жылы олардың саны 54 797-ге дейін өсіп, 2019 жылы 59 796 -ға жетті. Пандемия кезінде ажырасу біршама азайғанымен 2021 жылы бұл сан қайтадан өсіп кетті.

Ал, басқа да әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту баяу жүріп жатыр. Сондықтан енді бұл бағдарламадағы жеңілдік жетім балалар мен 1-2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Бұл жаңалық бірінші топтағы мүгедек Ғабиден Мәденовтің пәтерлі боламын деген үмітін оятқан. Он жылдан бері пәтер жағалап жүрген жан кезектің жылжитын түрі жоқ дейді. Ол бүгінде аядай бөлмеге ай сайын 180 мың теңге төлеп тұрады.

Ғабиден Мәденов, қала тұрғыны:
Ауылдан азық-түлік беріп жібереді. Ал, алып отырған жәрдемақымды осы пәтерге төлеп отырмыз. Кезекте тұрғаныма 10 жыл болды келгеніме. Он жылдан бері аз ғана жылжыды.

Бүгінде еліміз бойынша 621 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 432 мыңы әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар. Олар – 91 мың азамат. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 51 мың азамат кезекте тұр. Ал, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар 24 мың болса, жетім балалар 61 мыңға жеткен.

Енді «толық емес отбасылар» «Шаңырақ – 5-10-10» жобасына ауыстырылды. Мұндағы айырмашылық тек сыйақы мөлшерлемесінде ғана. Қалған жеңілдіктер бұрынғы қалпында қала береді. Онда кірісті растау бойынша шектеу болмайды. Қарызға берілетін сомманы шектеу де алынып тасталды.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу