Ақмола облысындағы Бестөбе кен орнында заңсыз алтын іздеушілер азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы Бестөбе кен орнында заңсыз алтын іздеушілер азаймай тұр

04.10.2022

Ақмола облысындағы Бестөбе кен орнында заңсыз алтын іздеушілер азаймай тұр. Олар кенді ұрлап қана қоймай, шахтаның құрылымын бұзып жатыр дейді мамандар. Себебі ешқандай сызба да, жоба да жоқ. Қазір шахта жабық, жұмыс тоқтап тұр. Десе де, кен орнына заңсыз түсетіндер тыйылар емес.

Жыл басынан бері шахтадан 4 адамның мәйіті табылды. Барлығы заңсыз түскендер. Алтын іздеуге тұрғындар тіпті өзге облыстардан да келеді. 2010 жылдан бері құны 9 млрд теңгеге жуықтайтын 590 келі алтын кені айналымнан алынған. 45 000-дай заңсыз алтын іздеуші ұсталды.

Қанат Аманов, Бестөбе кенішінің директоры:
Үстінен де, астынан да қазады. Біз анықталған тесіктерді жауып тастаймыз. Бірақ басқасын қазып алады. Бестөбеде жасырын цехтар да табылды. Сондықтан заңсыз алтын іздеушілер ұйымдасқан түрде жұмыс істейді деп ойлаймыз.

Кен орны алтынды ашық әдіспен алуға көшуді жоспарлап отыр. Және бұл мәселені шешуге септігін тигізеді деген үмітте. Алайда, жергілікті тұрғындар шахтаның карьерге айналуына қарсы. Салдарынан өндіріс тоқтап қалған. 1200-ге жуық адам 1 жылдан астам уақыт жұмыссыз отыр. Бірақ жалақы төленіп келеді.

Ғабділманат Қалимулин, Бестөбе кентінің тұрғыны:
Бірақ соны тоқтатқанша, өндірісті жіберсе деген ойдамыз. Ал енді ашық карьер дейді ғой, ондай өндіріске, әрине, халық қарсы. Өйткені 622-650 үйді көшіру керек дейді. Олардың тағдыры қандай болады, қайда барады?
Рахман Сматаев, Бестөбе кентінің тұрғыны:
Пурдонакопитель жасап суды жер астынан шығарып, қайтадан жұмысты жандандырса, оған халық қарсы емес қой. Бүкіл халық жұмысқа барғысы келіп отыр. Ескіше, бұрынғыдай.

Жұмыс тоқтаған соң, шахтаның төменгі қабаттарында су жиналған. Қайтадан іске қосу үшін сол суды сорып шығару қажет. Оған арнайы су төгетін орын керек.

Сырым Қабай, Бестөбе кентінің әкімі:
Жергілікті құрам деген бар. Сол кісілермен сөйлесіп, ақылдасып келе отырып 1,2,3 жерді біз көрсеткен болатынбыз. Қазір сол жерлерді рұқсат қағаздарымен халыққа келіп тыңдату өткізіп сосын сол құрылысты бастай ма деген ойдамыз біз.
Ертарғын Упабеков, «Алтыналмас» АҚ жобалау бөлімінің басшысы:
Біз тұрғындармен келісе алмай отырмыз. Олар ұсынған жерлерге су жиналатын орын істеу мүмкін емес. Ал біз сұрған жерді беруге тұрғындар қарсы. Сондықтан нақты шешім жоқ әлі.

Осылайша, Бестөбе кенішінің болашағы белгісіз болып тұр. Жұмыс жанданбаса, жалақы төлеу де тоқтауы мүмкін. Ал шахтаға заңсыз түсетіндермен күрестің қашанға дейін жалғасары да беймәлім.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу