Астананың кей көпқабатты үйлеріне су жетпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың кей көпқабатты үйлеріне су жетпейді

04.10.2022

Қала құрылысы қарқынды жүріп, халық саны өскен сайын инфрақұрылым мәселесін де шешу керек. Дәл осы проблемаға Елорда іргесіндегі тұрғындар тап болды. Көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатына су жетпей жатыр.

Астана іргесіндегі «Лесная поляна» шағын ауданының тұрғыны Мәрзия Арыстанғалиева кейде ыдыс-аяғын жуа алмайды. Себебі су болмай қалады. Күн жарықта шүмектен сыздықтап ағатын тіршілік нәрі ел жұмыстан қайтқанда мүлдем тоқтап қалады екен. Сондықтан бесінші қабатта тұратын кейуана су бар кезде үйдегі ыдыстарын толтырып алуды әдетке айналдырған.

Мәрзия Арыстанғалиева, қала тұрғыны:
Сенбі-жексенбіні мүлде айтпай-ақ қояйын. Өйткені бәрі үйде. Кір жуады, жуынады. Су болмайды. Бесінші қабат, төртінші қабат. Оператор бар ғой судың есебін алатын, содан сұраймын бірінші кір мәшине қосуға бола ма деп. Содан сұрап, содан кейін қосам. Бір-екі рет осылай кір мәшинем тұрып қалады. Оны жөндеуге мүмкіндігім жоқ.

Су проблемасы осы аудандағы үйлердің төрттен бірінде бар. Сондықтан тұрғындар жиналып жауапты мекеме өкілдеріне сұрақты төтесінен қойды. Шенділер әр жағдайды жеке қарастырып, түйінді шешуге көмектесетінін айтты.

Дүйсен Ділдәбеков, «Қосшы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры:
Бесінші қабатқа норматив бойынша қысым 2,2-2,4 бардың ортасында болуы керек. Одан жоғары болмауы керек. Бұл жердегі қысым 2,7-3 бар қысым беріп тұрмыз біз. Ол жеткілікті болуы керек. Үйдің ішіндегі құбырлардың бәлкім жобадан ауытқуы мүмкін. Болмаса сүзгілер тазаланбауы мүмкін. Онымен әр үймен жеке-жеке айналысу керек.

«Қосшы су» мекемесінің басшысы шағым айтқан тұрғындардың үйіне барып, келіп тұрған судың қысымын өзі тексеріп көрді. Тіпті пәтердегі арнайы сүзгілерді тазалауға да көмектесіп кетті. Алайда халық саны тез өсіп келе жатқан өңірлер үшін су жетіспеушілігінің басқа да себептері бар.

Әлихан Қуатбеков, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:
Судың бастауынан алатын судың көлемінің жеткілікті болуы, сосын соған сәйкес өсіп жатқан үйлердің саны, құбырларының өлшемі соған сай болуы керек. Мысалы бізде ол әлі толық шешілмеген. Сондықтан көп үйлерде, енді кезінде салынған жобалар Қосшы қаласы бұндай өседі деп есептелінбеген. Белгілі бір көлемге, санға арналған. Халықтың санына. Қазір енді аяқ астынан өсіп жатыр ғой.

Су тапшылығы тұрғындар саны миллионнан асқан Елордада да қылаң бере бастады. Сондықтан қалалық әкімдік тағы бір су станциясын сала бастаған. Оның құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу