СҚО-да 400 оқушы әкімдік ғимаратында білім алуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да 400 оқушы әкімдік ғимаратында білім алуға мәжбүр

03.10.2022

Мектеп мәселесі Түркістанда ғана емес, Теріскейде де өзекті болып тұр. Солтүстік Қазақстандағы Тайынша қаласында үш жыл бұрын мектептің төбесі опырылып түскен болатын. Арнайы комиссия нысанды апатты деп таныған. Содан бері оқушылар өзге ғимаратта оқуға мәжбүр. Ал жаңа мектептің құрылысы биыл ғана басталды. Президенттің биылғы Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» жобасы, дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған.

Мұндағы Оқушылар ыстық әрі тар сыныптарда білім алуға мәжбүр. Терезелер дұрыс ашылмай, кейде тынысымыз тарылады дейді. Солардың бірі 9 сыныпта оқитын Ксения Алексиенко. Алдағы уақытта мемлекеттік емтихан күтіп тұр деген ол сынаққа күнделікті дайындалып жүр. Алайда көңілі алаң екенін де жасырмады.

Ксения Алексиенко, оқушы:
Биология және химия пәндерінде зертханалық жұмыс жүргізетін арнайы жабдықтарды көрген емеспіз. Тәжірибелік сабақтар сөз жүзінде ғана өтеді. Өйткені арнайы кабинеттер жоқ. Мектебіміздің кең әрі жайлы болғанын қалаймыз.

Ал мынау – мектепішілік кітапхана. Бөлме кітапханадан гөрі қоймаға көбірек ұқсайды. Алақандай кабинетте 23 мыңдай әдебиет сақтаулы.

Людмила Рыбак, мектеп кітапханашысы:
Осындай жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Балалар келіп кітап алады, бірақ оқып отыратын орын жоқ. Жаңа мектепте әдемі кітапханамыз болады деп үміттенеміз.

Кабинет саны жетіспейді. Сондықтан әкімшілік көрші ғимараттан бірнеше бөлме жалдап алған. Оқушылар еңбек сабағына қатысу үшін сонда барады.

Ольга Иванова, мектеп директоры:
Ғимарат ескі. Бізге дейін мұнда аудандық білім бөлімі жұмыс істеді. Мектеп шағын болғанына қарамастан, білім беру үрдісі талапқа сай жүргізіліп жатыр. Балалар екі ауысыммен оқиды.

Мамыр айында 600 орындық мектептің іргетасы қаланды. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Келісім бойынша нысан 2023 жылдың желтоқсанында тапсырылуы тиіс.

Гүлнәр Игібаева, Тайынша аудандық білім бөлімінің жетекшісі:
Жобалық-сметалық құжаттарды мемлекеттік сараптамадан өткізу көп уақыт алды. Сондықтан құрылыс кеш басталды. Мектеп бұрынғы ғимараттың орнында салынып жатыр. Білім ошағы бүгінгі заман талабына сай жарақталады. Оны мерзімінен бұрын ашамыз деген жоспар бар.

Отандық білім саласында кезек күттірмей шешуді талап ететін мәселелердің бірі – апатты мектептерді жою. Елімізде тозығы жеткен 33 орта білім беру мекемелерінде 13 мыңдай оқушы білім алып жүр.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу