Түркістан облысында алма өсірген шаруалар көл-көсір пайдаға кенелуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында алма өсірген шаруалар көл-көсір пайдаға кенелуде

03.10.2022

Түркістан облысында алма өсірген шаруалар көл-көсір пайдаға кенелуде. Өңірде ауа райы қолайлы болғандықтан өнім мол. Биыл бағбандар 35 мың тонна алма жинауды жоспарлап отыр. Ал, Ордабасы ауданының шаруалары шабдалы өсіруді қолға алған. Жемістің түркиялық сұрпын отырғызған тұрғындар биыл алғашқы өнімін жинауға кірісті.

Түлкібас ауданы елімізде алма өсіруден көш бастап тұр. Мәселен, Майтөбе ауылындағы мына шаруашылық осыдан 7 жыл бұрын құрылған. Мұнда 115 гектарға алманың бес жұлдыз және голден делишес сорттары егілген. Қазір тәтті жемістер пісіп, жаппай терім жұмыстары басталған. Күніне 150-200 адам жұмыс істейді. Жартысы алма терсе, қалғаны оны іріктейді. Қораптарға салып, жүк көліктеріне артады. Осылайша Түлкібастың тәтті алмалары еліміздің барлық өңіріне жөнелтіліп жатыр.

Ахметжан Абдрасилов, шаруа қожалығының басшысы:

Түлкібас ауданы бойынша алманың орташа бағасы 200 теңге, сондай бағамен өткізіп жатырмыз. Бірінші біз өнімді Қазақстаның ішкі нарығына өткіземіз. Одан кейін Ресейге өткізсек деген оймыз бар. Келесі жылдары өнім көлемі арта береді.

Мұнда күніне 50-60 тоннадай жеміс жиналады. Бағбанның айтуынша, әр түп ағаш 20-30 келіге дейін өнім береді. Ауданда қарқынды баумен айналысатын 50-ден аса шаруашылық бар. Олар алманың италья, түркия және польшадан әкелінген көшеттерін еккен. Қазір гала, голден делишес, бес жұлдыз және пиромин сорттары Түлкібас даласын түрлендіріп тұр.Өткен жылы аудан бағбандары 25 мың тонна алма жинаса, биыл бұл көрсеткішті 35 мың тонна жеткіземіз деп жоспарлап отыр. Оның 70-80 пайызы басқа өңірлерге жөнелтілсе, қалғаны қоймаларда сақталады.

Абылай Төлепбергенов, Түлкібас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

Қазір алма сақтайтын 3 қойма жұмыс істеп тұр. Ең үлкені Шақпақ ауылдық округінде сыйымдылығы 2250 тонналық заманауи, газды ортада сақталады. Одан кейін осы Майтөбе ауылында 700 тонналық алма сақтайтын тоңазытқыш бар. Сосын Елтай ауылында 500 тонналық тоңазытқыш жұмыс істеп тұр.

Ал, Ордабасы ауданының тұратын кәсіпкер Мәдеи Есқараев екі жыл бұрын Түркиядан шабдалының 95 мың түп көшетін әкеліп, 17 гектар жерге отырғызған. Бау Израилдік технологиямен жабдықталған. Тамшылатып суару әдісі қолданылады. Ерекше баптап күтудің нәтижесінде биыл алғашқы өнімін берді. Қазір терім науқаны жүріп жатыр.

Мәди Есқараев, шаруашылық төрағасы:

Қазір өнім ішкі нарықта сатылуда. Біздің бірнеше өңірлерде сатылып жатыр. Атап айтсақ, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан облысы және Шымкент, Алматы, Астана қалаларында сатылуда. Басынан 300-350 теңгеден алып кетіп жатыр. Сапасына байланысты.

Қазір бауда күніне 40-50 адам шабдалы жинайды. Биыл бағбан 45-50 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Алдағы 2-3 жылда жеміс ағашы 400 тоннаға дейін өнім беретінін айтады. Жалпы мұнда қарқынды баудың көлемі 60 гектар. Оның 11-не алма, 30-на өрік, қалғанына шабдалы егілген. Жалпы Ордабасы ауданында көпжылдық жеміс шаруашылығы жақсы дамыған. Ауданның бағбандары 995 тонна өнім алды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу