Иранда полиция студенттермен қақтығысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иранда полиция студенттермен қақтығысты

03.10.2022

Иранда қауіпсіздік күштері Тегерандағы университет жанында шеруге шыққан студенттермен қақтығысты. Айта кетсек, бұл елде қыркүйектің 17-де полиция қамауға алған 22 жастағы Махса Амиридің өліміне қарсы наразылық акциялары тыйылмай жатыр. Тәртіп сақшылары демонстранттарды күшпен таратуды көздеген. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, шеру кезінде алыстан атыс жаңғырығы естілген. Дегенмен оның шеруге қатысы бар-жоғы белгісіз. Жалпы жексенбіде елдің бірнеше қаласында студенттер шеруі өтті. Наразы жастар билікке қарсы ұрандар тастап, бұл үстемдіктің аяқталуын талап еткен. Ирандық әйелдің қазасына қарсы шерулер әлемнің бірқатар елінде өтіп жатыр.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу