Бүгін Президент реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамытуға қатысты маңызды тапсырмалар жүктеді. Айтуынша, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Үкіметтің қатаң бақылауында болуы тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке арқалауға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл ұл-қыздардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет, деді Президент.
Бұдан бөлек, ауылды жерлерде медицинаны дамыту міндеті тұр. Қазір инсульт пен инфарктан қайтыс болу дерегі жиілеп барады. Тіпті, жастарымыз да дертке шалдығып жатыр. Сондықтан ел бойынша соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған көпбейінді ауруханалар желісі ашылмақ. Мемлекет басшысы барлық міндеттер тез, әуре-сарсаңсыз, бір-біріне сілтейтін ведомстволар арасындағы «алашапқынсыз» шешілуі тиіс. Әрі жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайтын мониторинг жүйесі болуы керек деді.
Жалпы ұлттық жобалар аясындағы міндеттер ауқымды. Мәселен «Жайлы мектеп» бойынша 800 мың оқушыға білім ұясы салынады. Әрі оқытудың сапасы артып, қалалық және ауылдық мектеп арасындағы алшақтық жойылады.
Денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға қатысты да жоспар ауқымды. Шалғай елдімекендерді медициналық қызметкерлермен қамтып, халықтың ем-дом алуына жағдай жасалады. Ол үшін аурухана, жедел жәрдем станциясы секілді жүздеген нысан салынады. Мейірбикелер мен фельдшерлерді даярлау күшейеді.
Досжан Маратұлы