Биыл 1200-ден астам балаға әуе билеті тегін берілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 1200-ден астам балаға әуе билеті тегін берілген

28.09.2022

Елімізде ішкі туризм дамып келеді. Соңғы бір жылда ел ішінде 6 млн адам саяхаттаған. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 8 млн-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды. 

Сәбит Әлдебай, тілші:

Пандемия кезінде тұралап қалған сыртқы туризм саласы бірте бірте қалпына келіп жатыр. Дегенмен осы саладағы көрсеткіштер ауыз толтырып айтатындай болу үшін әлі де бірнеше жыл керек дейді мамандар. Өйткені қойылған шектеулердің салдарынан сырттан келетін туристер ағыны 70-80%-ға кеміген. Есесіне елімізде ішкі туризм қарқынды дами бастады. Қызмет көрсету саласы мен жолаушыларға беріліп отырған кейбір жеңілдіктер ел ішіндегі барыс-келістің көбеюіне сеп болған. Мәселен биыл 1200-ден астам балаға әуе билеті тегін берілген.

Дастан Рыспеков ҚР Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

Балалардың ата-анасымен қыдыруына берілетін билет саны жыл соңына дейін екі мыңнан асады деп күтілуде. Ал инвестициялық жобаларға кететін шығынның 10 пайызын мемлекет өтеп беретіні осы салаға кәсіпкерлерді тартуға жақсы мүмкіндік береді. Ашылып жатқан туристік нысандар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып жатыр. Мысалы тек осы жыл басынан бері осындай жерлерге 500 адам орналасқан.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Туризм саласында жаңа жобалар да көп. Олардың басым бөлігі қонақ үйлер салу сынды қызмет көрсету саласында жүзеге асып жатыр. Жыл басынан бері жалпы құны 20 млрд теңге болатын 77 жоба қолға алынған. Осы бағыттағы жұмыстар тұралап тұрған сыртқы туризм саласын дамытуға сеп болады дейді мамандар.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу