Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зиярат етіп, елдің амандығын тілеп дұға жасады. Жергілікті жұртпен кездесіп, геосаяси ахуалға қатысты пікір білдірді. Көрші елде ішінара мобилизация жарияланғандықтан, елімізге ағылып жатқан ресейліктерге қатысты да мәлімдеме жасады.
Досжан Маратұлы, тілші:
Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның облыс орталығы болғалы төрт жылдан асты. Қазір қала жаңа кейіпке еніп, ерекше қарқынмен дамып келеді. Түрленген, гүлденген. Қарасаң көз тоймайды. Шаһардың өзіне тән аурасы мен қасиеті де ерекше сезіледі.
Киелі қалаға Президенттің ықыласы ерекше. Келген бойда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барды, ата-баба рухына құран бағыштап, зиярат етті. Елдің амандығын тілеп, дұға жасады. Өйткені дәл қазір ел іргесінің берік болуы бәрінен маңызды. Өзгені айтпағанда Ресей-Украина арасындағы соғыс тоқтар емес. Геосаяси ахуал күн сайын ушығып жатыр. Бұл ретте еліміз бейтарап ұстанымда бола береді. Біз үшін бейбітшілік бәрінен қымбат.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұны мен киелі Түркістан төрінен арнайы айтып тұрмын. Өйткені бұрын-соңды дәл осы жерде айтылған аталы сөздің бәрі алты Алашқа түгел тараған. Ғасырлар бойы жалғасып, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазір де сақталып отыр.
Алты Алашты алаңдатқан тағы бір мәселе – ресейліктердің елімізге жаппай ағылуы. Түркістан төрінде тұрып Президент бұған қатысты да пікір білдірді. Айтуынша, оларға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер жасалмайды. Елімізде заң аясында жүріп-тұруы тиіс. Бұл уақытша мәселе. Жақында ол Ресей тарапымен келіссөздер жүргізу арқылы, еліміздің мүддесіне сай шешілмек. Оған дейін береке-бірлікті сақтауымыз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ.
Айтпақшы Ресейдегі тұрақсыздыққа байланысты 70-тен астам шетелдік компания елімізге көшіп жатыр. Соның төртеуі инвестициялық жобасын Түркістанда іске асырмақ. Өйткені туризмді ғана емес, өндірісті дамыту да көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика, жаңартылатын энергия көздері салалары жанданбақ.
Қайрат Әзімов, Түркістан облысының Инвестиция және экспорт басқармасының басшысы:
Бұл жерде жылына 3 мың сағат күн сәулесі түседі екен. Сондықтан күн электр станцияларын салу өте тиімді болып тұр. Қазір екі жобаны жүзеге асыру көзделген жылдың соңына дейін. Италиялық компанияның қатысуымен Отырар ауданында күн электр станциясының құрылысы аяқталып қалады.
Жалпы Түркістан облыс болғалы тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Керуен сарай, қонақ үйлер, кітапхана, театр, визит центр секілді нысандарды айтпағанда 154 тұрғын үй бой көтерген. Осының бәрін көрсем, тау-тасы тарихқа бай өлкемен таныссам дейтін туристер саны 2 млн-ға жеткен.
Нұрдәулет Медеуов, Түркістан облыстық Туризм басқармасының бөлім басшысы:
Туризмнен түскен табыстың көлемі де артқанын байқауға болады. 2018 жылы 1,3 млрд табыс түскен болатын босла, ал 2021 жылдың қорытындысымен 3,8 млрд табысқа өсіп отыр. Ал, 2022 жылдың алты айының қорытындысымен қазір 2,5 млрд табыс түскен.
Бірақ бұл жеткіліксіз. Қызмет көрсету саласын дамытып, аймақ әлеуетін толықтай пайдалануымыз керек, деді Президент. Былтыр шаһарға Түркі әлемінің рухани астанасы деген атақ берілген. Енді мәртебесі тағы арта түспек. Өйткені ер түріктің бесігінде Қожа Ахмет Ясиауиден бөлек, қазақтың 21 ханы жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді.
Елімізде әрбір 7-ші бала осында дүниеге келеді. Олардың сапалы білім алуы маңызды. Сондықтан апатты білім ордаларын жою үшін 59 мектеп салынып жатыр. Ана мен бала өліміне де жол бермеуіміз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан, осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын. Оған қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.
Президент Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Түркістанда өтетінін де еске салды.
Досжан Маратұлы, тілші:
Өңірде 64 мыңға жуық жұмыс орыны ашылып, тұрғындардың табысы артып келеді. Халқы еңбекқор. Олардың серпін бағдарламасы арқылы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек. Ол үшін қажетті грант беріледі, деді Президент. Дәл қазір бұл бағдарламаның маңызы арта түскендей.
Досжан Маратұлы