Осы аптада Қайрат Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша нюанстар белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Қайрат Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша нюанстар белгілі болды

25.09.2022

Осы аптада Қайрат Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша нюанстар белгілі болды. Сатыбалды өз кінәсін мойындап қана қоймай, «Қазақтелекомға» 12 миллиард теңге және «Көліктік қызмет орталығына» 28 миллиард теңге шығынды өтеген екен. Екеуін қоссақ, 40 миллиард теңге. Аз ба, көп пе? Қарапайым қазақстандықтың түсіне де кірмейтін нөлдер...Өткен бір хабарымызда жемқорлардан тәркіленген қаржыға қанша мектеп салуға болатынын есептеген едік. Биыл Жетісу облысының Панфилов ауданында 1,5 миллиард теңгеге салынған 3 қабатты мектеп ашылған. Осы білім ордасын өлшем ретінде алып, санасақ, Сатыбалды қайтарған ақшаға 26 мектеп салуға болады.

Ал енді жазаға тоқталсақ. Прокурор Қайрат Сатыбалдының мүлкін тәркілеп, 6 жылға бас бостандығынан айыру керек, - деп отыр. Әрі мемлекеттік қызметпен айналысуға 10 жылға дейін шектеу беріп, президентке Сатыбалдыны ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры атағынан, сонымен қатар «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айыру туралы ұсыныс жіберіліп отыр. Осының бәрімен Қайрат Сатыбалды келісіп, «алып-қосарым жоқ» деген екен. Қайрат Сатыбалды наурызда Алматы әуежайында ұсталған еді. Оған «Алдау арқылы мүлікке зиян келтіру» және «Кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлау» баптары бойынша айып тағылған болатын.

Осы аптада жемқорлық фактісі бойынша тағы бір үлкен мәлімдеме жасалды. Активтерді қайтару жөніндегі комиссия Астанадағы «Шапағат» базары, Шымкенттегі «Сарыағаш» курорттық кешені мен Қазақ инновациялық университеті мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін, - деді. Өйткені олар кезінде заңсыз алынған деген күдікке ілініп отыр. Ал бұған дейінгі қылмыстық істерді тергеу барысында 3 айдың өзінде мемлекетке 518 млрд теңге өтеліпті. 173 млн доллар шетелден қайтты. 5 млрд теңгеден астам сомаға тең келетін 75 мың га жер мемлекеттің меншігіне өтті. 600-ден астам темір жол және оларға қатысты жер учаскелері тағы бар. Олигаполиялық топ жүк түсіретін, теміржол тұйықтарының денін иемденіп алып, халықтың қалтасын қағып келгені анықталды.

Зейін Әліпбек, Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі: 

Бұл мәселе шынында сұмдық жағдай. Кезінде белгілі топ елімізде 600 теміржол құрама тоқтайтын жерлерді жекешелендіріп алған да, сатып алған. Бағасын, ақысын жоғарылатып қойған. Заңсыз қыруар қаржы тапқан. Екіншіден бәсекелестіктің дамуына кедергі жасаған. Тек өздері ғана жасап, басқаларына шектеу ғой. 600 теміржол деген енді үлкен нәрсе. Баға түсуі тиіс. Себебі бәрі заңсыз болғанын көріп отыр ғой. Әділеттік орын алуы керек. 

 Олигополия оңай жолын тауып, халықты қанаумен болды. Ал жер еміп жүрген диқандардың жыл он екі айы машақатпен өтеді.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу