Президенттің АҚШ-қа сапары кезінде Қазақстан делегациясы қандай келісімдерге келді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің АҚШ-қа сапары кезінде Қазақстан делегациясы қандай келісімдерге келді?

25.09.2022

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда дауыс беруге құқылы 11 827 277 азамат бар. Соған байланысты, әр кандидат 118 273 сайлаушының қолын жинауы шарт. Сондай-ақ, тіркеуден өту үшін 18 түрлі құжат тапсыруы тиіс.

Осы сайлаудан кейін президенттің өкілеттігі 1 мерзіммен 7 жылға шектелетінін Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясында да айтты. Ол жерде мемлекет басшысы соңғы 3 жылда Қазақстанның заңнамасына қандай өзгерістер енгізілгенін де түсіндіріп кетті. Сарапшылар Тоқаевтың Нью-Йорктегі баяндамасының бір бөлігі Қазақстан халқына, қалғаны саяси аренадағы ірі ойыншыларға арналды, - деп отыр. Мәселен, «біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет» деген сөзімен нені меңзегені түсінікті сияқты. Дипломатияның тілі сол: түсін түстеу кейде артық. Әр ел өз мүддесін ойлайды.

Осындайда Черчильдің мына сөзі ойға орала береді: «Ұлыбританияның тұрақты жауы да, досы да жоқ, тек тұрақты мүдделері бар».

Ал АҚШ-қа сапары кезінде Қазақстан делегациясы қандай келісімдерге келді? Шерхан Жамбылұлының материалы.

77-сессия жер-жаһан үшін күрделі кезеңде өтіп отыр. Шартарапты тұрақсыздық алаңдатады. Әлемнің әр түкпірінде соғыс өрті өршіп, жаһандық жүйеге қауіп-қатер төнді. Жаппай қымбатшылық та қысып барады. Қасым-Жомарт Тоқаев әлем басшыларына осыдан 77 жыл бұрын жазылған ұйымның негізгі қағидаттарына тоқталды. Өйткені олар ұмыт қалғандай.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастығы, бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Олар өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың біреуін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады.

Антониу Гуттериштің де пікірі осыған саяды. Оның сөзінше пандемия мен кейінгі соғыстар әлем дамуын 5 жылға артқа шегеріп тастады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

Бізге барлық бағыт бойынша әрекет ету керек. Бос қиялға ермейік. Біздің планетамыз қазір отқа оранып жатыр. Теңсіздік қатты өсті. Ұйымның жарғысы мен қағидаттарына қауіп төніп тұр. Қарапайым адамдар, әсіресе әлсіздер жапа шегіп жатыр. Біз шұғыл түрде әрекет етуіміз керек.

Алдымен батыс пен шығыс ашық диалог жүргізуі керек. Ал Қазақстан қажет болған жағдайда арағайын болып, алаң ұсынуға әзір. Санкциялық текетірестердің салдарынан жер жүзінде астық тапшылығы ушығып, 220 миллионнан астам адам аштыққа ұшырауы мүмкін. Қазақстан жаһандық азық-түлік дағдарысымен күресу үшін өз үлесін қосуға әзір. Осы ретте санкция қамытын бұл саладан алып тастау ұсынысы айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды.

Сондай-ақ, Нью-Йорк сапары аясында Мемлекет басшысы әлемнің әр түкпірінде, халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақтың технарь қыз-жігіттерімен кездесті. Солардың бірі гуглдің програмист - инженері Арай Сабыржан.

Арай Сабыржан, програмист-инженер:

ІТ саласындағы ресурс деген не? Ол адамдар ғой. Талант. Осы Қазақстаннан көбірек талант болатын болса, мысалы, бізде көп компаниялардың жоқ болуының себебі ресурс жоқ, ондай програмистердің саны аз. Ал енді біз жастарды осылай оқытып, дамытатын болсақ үлкен-үлкен компаниялар бізге көбірек келетін еді. Екі жақты да дамитын еді.

Диджитал Номадс деп аталатын бірлестік 400 ден астам жасты біріктіріп отыр. Олар Фейсбук, Амазон, Букинг секілді компанияларда жұмыс істейді. Бір ғана Нью-Йорктың өзінде жүзден аса жас қазақ бар.

Ғалымжан Өтеулин, IT маман:

Негізі ұсыныстар тек бастамасы. Өйткені сондай тақырыптарға сөйлеген кезде көп уақыт өтуі керек. Оған тәжірибе керек. Бірақ та бір идеялардың бірі спорттық программалау деген тақырыптар болады, содан кейін венчурлық капитализм деген тақырыптарды көтереміз.

Уолл стрит, қор биржалары мен ірі корпорациялар. Нью-Йоркты құрама штаттардың, қала берді әлемнің қаржы орталығы деп айтуға болады. Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәслесін талқылау үшін АҚШ-тың ірі қаржы және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз 30 жылда көптеген салалаларда үлкен жетістікке жеттік. Соның ішінде халықаралық қауіпсіздіктен бастап, энергетика мен сауда саласына дейін. Енді басқа да қаржылық ынтымақтастықты арттыра түсетін кез келді. Қазақстандағы осы жұмыстарда сіздер маңызды рөл атқарасыздар. Біздегі мүмкіндіктерді келіп көруге шақырамын.

Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Біріншіден, ол агро секторға инвестициялар туралы көп сөз айтылды. Менің ойымша бірнеше инвест қорлар осында Қазақстанға агро секторға инвест туралы шешім қабылдады менің ойымша. Сонымен қатар тағы декорбанизация көп инвестиция болады. Алтернативный энергия секторларға көп инвестиции тартарымз осы АҚШ мемлекетінен.

АҚШ жоғары технологиялар бойынша әлем көшбасшысы. Ал сол компаниялардың ішінде Майкрософттың салмағы басым. Әлемдік айти гигант Қазақстанда дата орталығы мен айти зертханасын ашуды жоспарлап отыр.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш министрі:

Майкрософттың Ажур деген платформасы бар. Майкрософт ажур және дата центр құру Қазақстанда. Сол жобалар талқыланатын болады. Ол жобаны жүзеге асыру үшін бізге еліміздің заңнамасына кішкене өзгерістер енгізу қажет.

IT саладағы тағы бір алпауыттың бірі ЕПАМ компаниясы. Бағдарламау бойынша үздіктердің бірі. Әлем бойынша 60 мыңнан астам қызметкері бар. Алматыдағы кеңсесінде мыңға жуық адам жұмыс істейді. Енді оны 5 мыңға жеткізбек.

Аркадий Добкин, «Epam Systems» президенті:

Біз Қазақстанда білім жобаларына, адами капиталды дамытуға қаржы құюды жоспарлап отырмыз. Осылайша мұнда үлкен офис құруға ниеттіміз. Ол үшін Қазақстанның бар мүмкіндігі бар. Елде цифрандыруға үлкен мән беріліп отыр. Ал біздің жұмыс осы экосистеманы қалыптастыруға септігін тигізеді.

2 күндік сапары аясында президент 27 кездесу өткізді. Оннан аса келісімге қол қойылды. Мәселен, Файзер компаниясы Қазақстанда вакцина өндірмекші. Ал Хонейуолл корпорациясы өндіріс орындарының бір бөлігін біздің елге көшіруді жоспарлап отыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

АҚШ біздің елге ақша құйып отырған ең ірі инвесторлардың бірі. 30 жылда 57 миллиард доллардан астам қаржы салған. Оның басым бөлігі, 90 пайыздан астамы мұнай-газ секторына. Енді қазақ даласы мен алыстағы құрама штаттардың арасындағы алыс-беріс көбейе түспек. Президентпен кездесуден кейін қаржы мен айти және өндірістің алыптары екі елге де олжа салар бірлескен жобалар санын көбейтуге бейіл танытып отыр. Алғашқы легі келісімге қол қойып, жұмысты бастап та кетті.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу