ҰҚК Қазақстан-Ресей шекарасындағы ахуалға қатысты пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰҚК Қазақстан-Ресей шекарасындағы ахуалға қатысты пікір білдірді

23.09.2022

Қазақстан-Ресей шекарасында елге кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқан. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі хабарлады. Қазір шекаралық аймақтарда 30 автомобильдік өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеуде. Адамдар мен көлік ағынының ұлғаюына байланысты, оның төртеуінде кептеліс пайда болған. Ведомство ахуал ерекше бақылауға алғанын айтып отыр. Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде, делінген хабарламада.

Аслан Аталықов, ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а:

Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады. Егер оны бұзған жағдайда Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару 5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкцияны қарастырады.

Саясаттанушылардың пікірінше, қалыптасқан саяси ахуалдың кезінде ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комиетінің қызметкерлері барынша бақылауды күшейту керек. Ал шекараны жабу мәселесі оңай шаруа емес, дейді. Өйткені бұл елдің экономикалық жағдайына әсер етеді.

Елдос Жұмағұлов, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Осы кезде бақылаушы органдардың жұмыс істейтін кезі, қатаң бақылап, тексеру керек. Ресей де әскерге шақыруға жататын азаматтарды жіберіп қояды деп ойламаймын. Кеше Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті, жағдайға байланысты шешім қабылданады деп ойлаймын.



Хабарламаларға жазылу