Қазақстан логистикалық шығындарға тасымалданатын тауар құнының 25% жұмсайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан логистикалық шығындарға тасымалданатын тауар құнының 25% жұмсайды

21.09.2022

Ал әлем елдерінде бұл көрсеткіш 11 процент шамасында. Мамандар транспорттық жүктеменің артуына инфрақұрылым сапасының нашар болуы әсер ететінін айтады.

Ринат Дүйсенов - жылына 25 миллион тонна жүк тасымалдайтын Қазақстандағы жеке логистикалық компанияның басшысы. Кәсіпкердің сөзінше, осы салада түйткілдер жетерлік. Мәселен, заңдағы нормативтік құжаттар елдегі бір ғана ұлттық компанияның ыңғайына қарай жасалғандай.

Ринат Дүйсенов, Жүк тасымалдаушы компанияның бас директоры:

Мәселен, локоматив сатып алу үшін банкке қаржы сұрап барғанда, көп жағдайда берілмейді. Өйткені біздегі келісімшарт бойынша жүк тасымалымен айналысуға 1 жылға ғана рұқсат бар. Сол себепті банктерге бізге несие беру тиімсіз. Бұл ретте, тиісті министрлік проблемаларды шешуге ат салысса дейміз. Өйткені «Қазақстан темір жолының» көлеңкесінде қалып келеміз.

Жердегі емес, көктегі тасымалда да біраз түйткілдер бар. Елімізде әуе арқылы тауар жеткізу жылдам болғанымен, қымбат. Бұл бағытта сарапшылар арнайы шешім тауып отыр.

Руслан Сарин, халықаралық әуе тасымалы бірлестігінің өкілі:

Ол үшін мультимодалды логистикалық центрлерді ұйымдастырып, жүктердің біршамасы автомен немесе теміржолмен Қазақстанға келіп, одан әуе кемелеріне жүктеліп, жеткізуге болады. Бағасына және уақытына әсер етеді.

Бүгінде Қазақстан арқылы 11 халықаралық транзитті дәліз өтеді. Еуропа мен Азияны байланыстырып отырған мемлекетімізде 5 темір, 6 автомобиль жолы бар. Осы орайда, логистикалық шығындарды азайтып, жемқорлықты жойып, цифрландыруды дамытсақ көліктік-транзиттік әлеуетімізді одан әрі арттыруға болады, дейді мамандар.

Алмаз Ыдырысов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

Қолданыстағы транзиттік бағыттарды дамытып, жаңаларын құру керек. Көліктік логистикаға 2025 жылға дейін 20 миллиард доллар инвестиция құю жоспарланып отыр. Соңғы 15 жылда бұл саланың дамуына 35 миллиард доллар жұмсадық.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан теміржолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келгенін айтқан еді. Ал инфрақұрылымды дамыту министрлігі 2030 жылға дейін Қазақстан арқылы өтетін халықаралық жолдарды жаңартамыз деп отыр. Осылайша, аталмыш мәселелер шешімін табатын болады.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу