Microsoft Қазақстанда IT зертханасын ашады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Microsoft Қазақстанда IT зертханасын ашады

20.09.2022

Қазақстан мен Америка байланысы нығая түспек. Президент сапары аясында қос елдің компаниялары бірқатар келісімге қол қойды.

General Electric компаниясын естуіңіз бар шығар? Міне, осынау АҚШ-тың алпауыты Қазақстанда медициналық құрылғыларды шығаратын кәсіпорын ашады. Ал Microsoft біздің елде IT зертханасын орналастырмақ. Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында әлемдік ірі компаниялардың басшыларымен келіссөздер өткізді. Мұхиттың арғы бетіндегі ірі ойыншылар Қазақстан экономикасына қаржы құюға ынта танытып отыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Нью-Йорктың орталық саябағы. Жасыл желегі жайқалған бұл аумақты жергілікті жұрт қаланың кең тыныстайтын өкпесіне теңейді. Ал тұтас Нью- Йорктың өзі - АҚШ-тың қала берді әлемнің қаржы орталығы. Мына тұрған әйгілі Манхеттен ауданында әлемнің ең алып компанияларының штаб пәтерлері орналасқан. Дүние жүзінің есеп-қисабы да осы жерде жасалып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының жиынына келген қазақ басшысы жұмыс сапарын алып ел Америкамен байланысты бекемдеуге арналған жиындардан бастады.

Иә, АҚШ - әлемдегі экономикасы ең қуатты ел. Дүниежүзіндегі ішкі жалпы өнімнің төрттен бірі осы мемлекетке тиесілі. Былтыр елдер арасындағы алыс-беріс 2,2 млрд долларды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 40 пайызға өсіп отыр. Әріптестікті тереңдете түсу үшін бірлескен жобалар санын көбейту қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі жаһандық қаржы ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз 30 жылда көптеген салада үлкен жетістікке жеттік. Соның ішінде халықаралық қауіпсіздіктен бастап, энергетика сауда саласына дейін. Енді басқа да қаржылық ынтымақтастықты арттыра түсетін кез келді. Қазақстандағы осы жұмыстарда сіздер маңызды орын атқарасыздар. Біздегі мүмкіндіктерді өздеріңіз келіп көріңіздер.

Мемлекет басшысы әлемге әйгілі Citibank, Goldman Sachs, JPMorgan секілді ұзын саны 15 ке жуық делагациямен жеке-жеке кездесті. Бұл алпауыттар триллиондаған доллар қаржыны басқарады. Яғни әлемге ықпалы бар инвесторлар. Ал олар үшін мемлекеттің саясаты мен ұстанымы маңызды. Президент Тоқаев Жаңа Қазақстанда әділеттілікке баса мән берілетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бизнес пен қаржы институттары үшін бұл нарыққа шығу жолын кеңейту мен ашықтықты қаматамасыз ету. Жалпы, жеке сектор мен халықаралық серіктестер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу дегенді білдіреді7

Иә, қазір әлемдегі геосаяси ахуал да күрделі. Саяси текетірестердің бизнеске салқыны бар. Ал Қазақстан ешбір елмен жауласуға жоқ. Бейбіт әрі бейтарап. Сондықтан да АҚШ-тың кәсіпкерлері қазақ елінде іс жүргізуге зор қызығушылық танытып отыр.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Біріншіден ол агросекторға инвестициялар туралы көп сөз айтылды. Менің ойымша, бірнеше инвестқорлар Қазақстанға агросекторға инвест туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар тағы декорбанизация көп инвестиция болады.

АҚШ жоғары технологиялар бойынша әлем көшбасшысы. Ал сол компаниялардың ішінде Майкрософттың салмағы басым. Әлемдік айти гигант Қазақстана дата орталығын ашуды жоспалап отыр.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш министрі:

Microsoft-тың Ажур деген платформасы бар. Сол жобалар талқыланатын болады. Ол жобаны жүзеге асыру үшін бізге еліміздің заңнамасына кішкене өзгерістер енгізу қажет. Сол жағында талқылайтын боламыз. Және Microsoft-пен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру мәселесі де талқыланатын болады.

IT саладағы тағы бір алпауыттың бірі - ЕПАМ компаниясы. Әлем бойынша 60 мыңнан астам қызметкері бар. Бағдарламалау және ірі компанияларға қызмет көрсету бойынша үздіктердің бірі. Бүгінде Алматыдағы кеңсесінде бір мың қызметкер жұмыс істейді. Таяу жылдары бұл санды 5 мыңға жеткізу жоспарлап отыр.

Аркадий Добкин, «EPAM SYSTEMS» компаниясының президенті:

Қазақстанда білім жобаларына, адами капиталды дамытуға қаржы құюды жоспарлап отырмыз. Осылайша мұнда үлкен офис құруға ниеттіміз. Ол үшін Қазақстанның бар мүмкіндігі бар. Елде цифрандыруға үлкен мән беріліп отыр. Ал біздің жұмыс осы экосистеманы қалыптастыруға септігін тигізеді.

Ал онлайн білім берудің көшбасшысы Курсера енді қазақ тілінде сөйлейді. Бірегей платформа әсіресе студент жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Джеф Маджионкалдо, «COURSERA» компаниясының бас директоры:

Біздің платформа арқылы адамдар тек білім алып қана қоймайды. Өмірлік дағдыларды да үйрене алады. Енді біздің сайттағы ең үздік курстар қазақ тіліне аударылады. Бұл көптеген жастарға жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сонымен қатар біздің сайттағы курстарды Қазақстанның бакалавр жүйесіне қосу туралы келісімге келдік.

Осыдан кейін мемлекет басшысы әлемнің әр түкпірінде, халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақтың технарь қыз-жігіттерімен кездесті. Digital Nomads деп аталатын бірлестік 400 ден астам адамды біріктіріп отыр. Олар Google, Фейсбук, Амазон секілді компанияларда жұмыс істейді. Жаңа технологияның тілін меңгерген жастар президентпен емін-еркін әңгімелесіп, еліміздегі түрлі саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын да білдірді.

Ғалымжан Өтеулин, IT маман:

Бүгін Президентке қандай ұсыныстар айтасыздар? Негізі ұсыныстар тек бастамасы. Өйткені сондай тақырыптарға сөйлеген кезде көп уақыт өтуі керек. Оған тәжірибе керек. Бірақ бір идеялардың бірі спорттық программалау деген тақырыптар болады, содан кейін венчурлық капитализм деген тақырыптарды көтереміз.

Ақтөре Бекет, IT маман:

IT саласындағы ресурс деген не? Ол адамдар. Талант. Қазақстаннан көбірек талант болса, мысалы бізде көп компаниялардың жоқ болуының себебі ресурс жоқ, ондай программистердің саны аз. Ал біз жастарды оқытып, дамытатын болсақ, үлкен компаниялар бізге көбірек келетін еді. Екі жақты да дамитын еді.

Таңнан басталған кездесулер қас қарайғанша жалғасты. Кешқұрым мемлекет басшысы Қазақстан- Америка инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Басқосуға форбс тізімінің жүздігіне кіретін кіл мықты компания басшылары бас қосты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің командамның инвестиция тартудағы тәжірибесі мол. Бұл компанияларға аймақтың ең жылдам дамып келе жатқан экономикаларының бірінде бизнес жүргізуді жеңілдетеді. Бүгінгі кездесу сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілетуде, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуда нақты қадам болады деп сенемін.

Президент сапары аясында Қазақстан мен АҚШ тың компаниялары бірқатар келісімге қол қойды. Мәселен, Файзер компаниясы Қазақстанда вакцина өндірісін жолға қоймақ. Ал Хонейуолл корпорациясы өндіріс орындарының бір бөлігін біздің елге көшіруді жоспарлап отыр. Осылайша Қазақстан бірқатар сала бойынша әлемдік компаниялар үшін өңірлік хабқа айналмақ.

Ш.Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу