Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті

18.09.2022

Домбыра. Абай. Көк ту. Елімізде үш күндік мемлекеттік сапармен болған Рим папасы Франциск баяндамаларын қазақтың осы үш брендінің айналасында өрбітті. Осылайша, келген елінің мәдениеті мен руханиятына тереңірек үңілгенін көрсетті. Рим папасының спичіне кейінірек тағы ораламыз – оның сөзіне синхронды тәржіме жасаған аудармашымен де сұхбаттасқан едік.

Ал қазір мына кадрларға назар аударсаңыздар. Әдетте БАҚ мейманның келген сәтін ғана көрсетеді. Бірнеше сағат бойы тағатсыздана күткен протокол қызметкерлері, қарауыл дайындығы сияқты қызық детальдар кадр сыртында қалады. Міне, мынау сол сәттерден көрініс.

Ал Ватикан ньюс бұл сапарды Рим папасының ұшаққа отырғанынан бастап жариялаған.

Жалпы Ватиканның және Католик шіркеуінің басшысы Рим папасы Франциск 38-ші рет апостолдық сапар жасап отыр. Бұл оның Қазақстан ғана емес, жалпы Орталық Азияға алғаш рет қадам басуы.

Дін лидерлері съезінің ел аса мән бермеген сәттеріне әріптесім Данияр Қайыртай назар салып көрген еді.

Съезд жайлы сол күндері көп ақпарат оқыдық. Ал сен не байқадың?

Иә, рас. Ақпарат көп болды. Себебі елдегі әріптестерімізден бөлек, шет елден 200-ге жуық БАҚ өкілі келген еді. Ал мен назарымды Съездің пленарлық отырыстарындағы баяндамаларға және жиынның қорытынды декларациясына аудардым.

Байқасақ, қай спикер сөз алса да, «бейбітшілік», «бейбіт өмір сүру», «тыныштық», «қауіпсіздік», «агрессияға төзбеу», «өзара түсіністік» деген секілді ұғымдарды жиі айтқан. Ал зорлық-зомбылық, радикализм мен қарулы қақтығыстарды қатаң сынаған. Бірақ ешкім ешкімді ашықтан-ашық айыптамады. Күн тәртібіне неге осы мәселелер бірінші кезекке шығып кеткені айтпаса да түсінікті шығар. Тіпті Съезд қорытындысында жарияланған декларацияда 35 пункт болса, соның алтауында, - менің есебімше, - шиеленістерге қарсы тұруға, оны тоқтатуға үндеу жасалады. Мысалы, төртінші пунктті тыңдап көрсек:

Джо Бейли Уэллс, Англикан шіркеуінің арнайы өкілі, Доркинг епископы:

Біз кез-келген әскери қақтығыстың басталуы, шиеленіс пен текетірестің ошақтарды қоздыру «домино әсеріне» ие болатынына және халықаралық қатынастар жүйесінің бұзылуына әкелетінін білеміз.

Үндеу жарияланды. Ал оған саясаткерлер құлақ аса ма? Жалпы дін лидерлері әлемдегі саясатқа әсер ете ала ма? Мені осы сұрақтар мазалады.

Съезге 50 елден 108 делегация жиылды. Жұрт назары – Рим папасы Францискте... Сосын Әл-Азһардың жоғарғы имамы Ахмад Ат-Тайебте... Ал сол екеуінің мейірлене көріскені қатысушыларды, тіпті, елжіретті. Егер Рим папасы дәл солай Орыс православие шіркеуінің басшысы Патриарх Кириллмен құшақтасқанда – Съездің символикалық мәні артар ма еді... Бірақ Мәскеу мен бүкіл Русьтің патриархы келмей қалды. Өкілдерін ғана жіберді.

Архимандрит Филарет, орыс православие шіркеуінің діни қызметкері:

Оның келмеуі тек әкімшілік және техникалық мәселелерге байланысты. Ал Рим папасымен кездесуін ауқымды іс-шара кезінде ұйымдастыру өте қиын.

Ал дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы дінбасылар мұндай жағдайда саясаткерлерден тәуелсіз әрекет ете алмайтынын айтады.

Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:

Қайшылыққа түскен мемлекеттердің дін өкілдерінің келмеуі белгілі бір деңгейде өздерінің ішкі есептерін білдіретін шығар. Кез келген діннің, конфессияның соны ұстанушы мемлекетке, саяси тұлғаларына белгілі бір деңгейде бағыныштылық бар.

Жиылғандар сонда да жекелеген тұлғалардың өзімшілдігінен туатын агрессияны сынға алды. Әл-Азһардың жоғарғы имамы пандемия мен қарулы қақтығыстарды сөз етіп, адамзат бастан кешіп жатқан осы сынақтарға өкінішін білдірді.

Шейх Мухаммад Ахмад Ат-Тайеб, Әл-Азһардың жоғарғы имамы:

Әлем әлі індеттің қорқынышынан айыға қойған жоқ. Оны адам өз қолымен және шектен тыс өзімшілдік пен өлі ар-ожданның арқасында жасағандықтан, табиғи, саяси және экономикалық секілді апаттар бірден басып алды.

Рим Папасы да үш күндік сапарындағы әр сөйлеген сөзінде бейбітшіліктің маңызын түсіндіріп отырды. Бірақ нақты адресатсыз, жалпылама айтты.

Франциск, Ватикан басшысы, Рим папасы:

Теңсіздік пен әділетсіздікке тосқауыл қоймасақ, COVID-тен де жаман вирустарды, яғни өшпенділікті, зорлық-зомбылықты, терроризмді тоқтату мүмкін емес. Бұл өз кезегінде бізді планетарлық ауқымдағы екінші проблемаға әкеледі, осы мәселе ерекше түрде діндарларға қатысты болып тұр.

Әлемде геосаяси тұрақсыздық орнаған кезде елдерді бітістіруге шақыратын жиынның өтуі өте маңызды дейді астанадағы католик шіркеуінің басшысы Томаш Пэта.

Томаш Пэта, Астанадағы архиепископ-митрополит:

Екі ел арасындағы соғыс осындай съезді ұйымдастырғаннан әлдеқайда қымбатқа түседі. Адам өлімін есептемегенде. Сондықтан Қазақстан қаржы мен қажырын бейбітшілікті сақтау үшін жұмсап жатқаны қуантады.

Съездің ашылуында Қазақстан Президенті қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екенін айтты. «Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз» деді Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар.

Қазақстанның бас мүфтиі «мұндайда дін өкілдерінің жалғыз құралы – насихат» дейді.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

Әр дін өкілі әлемдегі тыныштыққа өз үлесін қосқысы келеді. Насихат айтып жатыр. Әрине, айта берсе, естиді ғой. Алла қаласа, нәтижесі болады деген үміт бар.

Съездің декларациясы да сондай үміттермен жазылыпты. Енді ол БҰҰ Бас ассамблеясының алдағы аптада өтетін кезекті сессиясында ресми құжат ретінде таратылмақ.

Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:

Діни лидерлер болғаннан кейін олардың негізгі үндеулері де тек ұсыныстық деңгейде ғана. Діннің негізгі миссиясы – адамзаттың игілігі ғой. Сондықтан игіліктік тұрғысынан, адамгершілік тұрғысынан үндеу жасауға ғана қауқары бар.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

Бұл діни жиын ғана емес. Бұл әлемдік саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыттағы түрлі өзгерістерді, түрлі қиындықтарды талқылау. Соған үн қосу, соған ұсыныс жасау. Енді декларацияның халықаралық заңдық күші болмаса да, оның рухани күші бар.


Ел ішінде экономикалық дағдарыс кезеңінде мұндай халықаралық жиынның не керегі бар деген сауал да болды. Соған қатысты да пікір сұрасаң деп едім.

Бұндай жиындардың халықаралық маңызы бары түсінікті. Сонда да сарапшының да пікірін білдік.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

Біз сол арқылы, «міне, біздің еліміз тұрақты даму жолында, өзіміздің стратегиялық бағытымыз бар, келіп, өз инвестицияңызды, қаржыңызды төгіп, жұмыс орындарын ашып, табыс табуға толық мүмкіндік бар» деген месседж де бұл жерде қалыптасады. 

Рим Папасының қазақтың домбырасы мен бас ақынын сөзіне арқау еткені елге де құрметінің белгісі. Папаның әсіресе батыс елдеріне деген ықпалын ескерсек, бұл бір жағынан туристер мен инвесторлардың да назарын аударатын сияқты. Сапарының соңында Президент Францискке домбыра сыйлады. Данияр, Рим папасының теңеулерге толы сөзін тыңдағаннан кейін, оны аударған аудармашымен де сұхбаттасам деп едің ғой...

Мамандар Рим папасының сөзін қазақшаға және өзге де тілдерге итальян тілінен тікелей емес, орыс тілі арқылы аударыпты. Марина Оношко «Осы хордағы бірінші дауыс мен болдым» деп әзілдеді. Бірақ бұл мойынға ауыр жауапкершілік жүктеді дейді. Сондықтан Рим папасының бұрынғы сөздерін тыңдап дайындалыпты. Әрі діни терминологияны жаттаған екен. Тыңғылықты дайындалғандықтан қатты қиналған жоқпын дейді.

Марина Оношко, аудармашы:

Рим папасын аударған оңай болды. Себебі тілі жеңіл, қарапайым. Сөзінде аллегория, салыстыру, тұспалдау секілді әдістерді көп пайдаланады. Сонысымен тыңдаушыны қызықтыра біледі. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді ғой...

Рим папасының сөздері жүректерге жетті ме екенін білмейміз.

Бірақ біраз шетелдік ақпарат құралы цитата қылғаны рас. Әсіресе бейбітшілікке үндегенін көп келтіріпті.

«Рейтер» Рим Папасының «соғысты құдай қолдамайды» деген сөзін басқыншыларға айтылған сын деп жариялаған. Ал Американың «Вашингтон пост» газеті Папаның Украинадағы жағдайды «мағынасыз әрі трагедиялық соғыс» деп атағанын хабарлады. «Неміс толқыны» болса, Рим Папасы сапарының Қытай президенті Си Цзиньпиннің қазақ еліне баруымен тұспа-тұс келгенін жазып, екеуі кездессе, «бұл тарихи оқиға болар еді» депті.

Өйткені Бейжің мен Ватикан арасындағы дипломатиялық байланыс өткен ғасырдың 50-ші жылдары үзілген. Иә, жартығасырлық араздық Астанада аяқталмады. Бірақ қалай дегенмен, Қазақстан бітімгерлік миссиясын жалғастырып, даналағын, дала дипломатиясын әлемге тағы бір мәрте паш етті.

Данияр Қайыртай, Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу