Бірлескен отырыс: Елордаға Астана атауы қайтарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірлескен отырыс: Елордаға Астана атауы қайтарылады

16.09.2022

Елордаға Астана атауы қайтарылады. Бүгін Парламенттің бірлескен отырысында ұсынысты қос палата депутаттары бір ауыздан мақұлдады. Әрі Президент мандаты мен Конституциялық сотқа қатысты заң жобасын құптады. Тарихи өзгерістер қалай жүзеге асады? 

Бүгінгі алқалы жиынның орны бөлек. Қос палатаның депутаттары Ата заңға енгізілетін өзгерістерді лезде екі оқылымды қатар өткізіп, бір ауыздан мақұлдады. Мұның тарихи маңызы зор. Себебі, Мәжілістің «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының елорда атауына қатысты ұсынысын да қос палата қолдап жіберді. Астана атауы көп ұзамай қайтарылады.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:

Аса ешқандай қосымша шығын болмайды. Көше атауларын, вывескаларды және басқаларын шұғыл түрде ауыстырудың қажеті жоқ. Бұл жоспарлы түрде бюджет қаражаты есебінен жұмыс жасалады. Оның үстіне қазір документтің бәрі цифрлық түрде жүргізілгеннен кейін ол қосымша шығын туындатпайды.

Бас қаланың атауы өзгерсе, азаматтар құжаттарын ауыстыруға міндетті емес. Олар заңды күшін жоймайды. Астана атауы қайтарылғаннан кейін жаңа құжаттармен қатар жарамды Ата заңға енгізіліп отырған мұндай өзгерістер – халықтың талабы, - дейді сенаторлар.

Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жұртшылықтың қойып жүрген өзекті мәселелерінің бірі осы. Менің ойымша, әр заманның өзінің талабы бар. Себебі, заман бір орнында тұрған жоқ. Мемлекет басшысымен бірге Әділетті Қазақстан, Жаңа Қазақстан құру туралы реформаларды жүзеге асыру.

Елорда атауы Президент Жарлығымен өзгереді. Ол құжат та көп ұзамай жария болады. Бастысы – Сарыарқа төсіндегі, ерке Есілдің жағасындағы бас қаламыздың жаңа өмірі жаңашылдықпен басталады деген үміт бар. Жаңа Қазақстанның алғашқы қадамдары асқақ атаумен сабақтасып жатыр.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Халық көтерді. Қалпына келтірілетін болса біз оны жақсы пайдалана білуіміз керек. Оның тілі қандай болу керек, оның көшесі қандай болу керек, онда ілініп тұрған дүниелер қандай болу керек, жалпы біз қазақшылыққа, өз қалпымызға, халықмыздың салт-дәстүріне жақын болуға тиіспіз. Заман соны күтеді. Сондықтан мұны жаңашылдықтың бастамасы деп ойлаймын.

Мәжіліс төрағасы: Мемлекеттік құрылым түбегейлі өзгереді

Ата заңға енгізілген өзгерістердің тағы бірі – енді Президент мандаты 7 жылдан аспайды. Мемлекет басшысы 1 мерзімге ғана сайланады. Бұл биліктің монополиялануына жол бермейді. Әрі бұл норма енді ешқашан өзгертілмейді, - деді Әділет министрі. Оған конституциялық сот - кепіл. Ата заңға енгізілген өзгерістер аталған бақылаушы органға да қатысты. Конституциялық сот судьялары 8 жылға сайланады. Бұрын 6 жыл болатын.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Біз бүгін еліміздің болашағын айқындайтын, мемлкеттік құрылымды жаңаша қалыптастыратын өте маңызды шешім қабылдадық. Қазақстан жаңа саяси дәуірге қадам басқалы тұр. Біз сол ұзақ жолдың алғашқы қадамын бастадық. Бұған дейін бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциялық реформа саяси жаңғырудың негізін қалады. Ал бүгінгі қабылданған шешім сол реформалардың нүктесін қойып, мемлекетіміздің жаңа саяси моделіне көшуге жол ашады. Еліміз демократияға қарай нық қадам басты.

Демократиялық жаңашылдыққа Президент өзі жол ашып берді. Ендігі міндет - бастамаға қолдау көрсету, реформалардың жедел жүзеге асуына жұмыла ат салысу.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жеті жылдық мерзімнен кейін өзін өзі Президенттікке ұсынбауы керек деген, және сайланбауы керек деген өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Біріншіден, бұл билікті монополизациядан құтқарады, бір қолға шоғырланудан құтқарады. Және жаңа саяси көшбасшылардың алдыңғы буынға қарап өсуіне, жаңа саяси менеджменттің қалыптасуына, лидерлік жолға түсуіне үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз бүгін прогрессивті, жаңашыл, демократиялық үдерістерге жол ашатын, өзіміздің тарихымызда болмаған жаңашыл нормаға дауыс бердік. Бұл біздің елімізде және Орталық Азияда демократиялық үдерістерге ашылып отырған жаңаша жол деп ойлаймыз.

Сонымен Конституцияның 5 бабына өзгеріс енгізіледі. 1 бап толықтырылады. Ал алдағы сайлау уақыты Президент жарлығынан кейін белгілі болады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу